Мұрат Әйтенов "Стандарт" индустриялды аймағына барды

0
455

М.Әйтенов тиісті сала басшыларына инженерлік- инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының кешіктірілмеуін назарға алып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.


Мұрат Әйтенов

Шымкент қаласының әкімі "Стандарт" индустриялды аймағына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ел Президенті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Осы мақсатта Шымкент қаласында «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда.

Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың ш.м дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың ш.м қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр. 30 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін 3 кезең бойынша жүргізіледі.

М.Әйтенов тиісті сала басшыларына инженерлік- инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының кешіктірілмеуін назарға алып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.

Сонымен қоса, қала әкімі күрделі жөндеу жүріп жатқан №50 мектепке де барды.

Мұндағы құрылыс жұмыстары биылғы оқу жылы аяқталған кезде басталған. Есік-терезелер, жылыту және электр желілері, шатыры ауыстырылады. Барлық бөлігі сырланып, абаттандырылады. Бүгінде жұмыстың 40 пайызы орындалған. Толығымен жыл соңына дейін аяқталады. Қала басшысы жұмысты сапалы әрі тездетіп жүргізіп, мүмкіндігінше жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, жалпы биыл қалада 5 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сайрам тұрғын алабында орналасқан №107 мектепте де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған оқу орны 1985 жылы қолданысқа берілген. Бүгінде білім мекемесінің едендері көгеріп, электр жүйелері жарамсыз жағдайға жеткен. Сынып бөлмелерінде санитарлық нормаға сай ауыз суының болмауы да өзекті мәселенің бірі. Ауласындағы асфальті үгітіліп, әбден тозығы жеткен. Жоғарыда аталған ақауларды жою үшін жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталыпты. Ал, жөндеу жұмысынан кейін едендер жаңысына ауысып, есік алдына кіреберіс салынады. Электр желілері ауыстырылып, әр сыныпқа ауыз су тартылады. Сонымен бірге, мектеп ішіне әжетхана жұмыс істейді және ол орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Одан бөлек, сметалық жобада оқу ғимаратының шатырын ауыстыру, сыртқа қабырғаның барлығын арнайы материалмен қоршау және спорт алаңын жаңарту жұмысы қаралған. Жөндеу жұмысы қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстардың 60 пайызы атқарылған.