Спортшыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл жылы әлемнің көптеген спортшылары үшін ең маңызды жыл. 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында 32-ші жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Шымкент қаласының қоржынында бүгінгі күні спорттың 7 түрі бойынша 11 олимпиадалық лицензия бар.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов лицензия иегерлері мен олардың жаттықтырушыларын қабылдады. Кездесуде алдағы жауапты жарысқа сәттілік тілеп, жеңіспен келулеріне сенім білдірді.
- Спорт - бұл елдің беделі мен абыройына жұмыс істейтін сала. Тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар бірнеше рет ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. Осы жеңістердің құрметіне Қазақстанның туы мақтанышпен көтерілді. Спортшыларымыз - біздің мақтанышымыз. Біз сіздердің әрқайсыңыз үшін жанкүйер боламыз. Сіздердің жеңістеріңізге сенеміз! - деген шаһар басшысы ақ жол тілеп, спортшыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.
Еске сала өтсек, Шымкенттен стенд атудан - Сарсенкул Рысбекова, Кравченко Зоя; оқ атудан - Юрий Юрков; каратэден - Дархан Асадилов, Софья Берульцева, Данияр Юлдашев; бокстан - Закир Сафиуллин; көркем гимнастикадан - Алина Адилханова; байдарка және каноэден - Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов; дзюдодан - Галбадрах Отгонцэцэг қатысады.
Сонымен бірге, Игорь Лигай Халықаралық күрес федерациясы тарапынан 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін таңдалды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Олимпиада санатындағы төреші, әлемнің 50 үздік төрешілерінің құрамына кірді.