«Отау сити», «Медина», «Тенгри» тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңында болды.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов қаладағы жеке инвестор есебінен салынып жатқан тұрғын үй кешендерін аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Атап айтқанда «Отау сити», «Медина», «Тенгри» тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңында болды.
Бүгінде мұнда құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нұрсат және Қошқар ата аумағында орналасқан бұл тұрғын үйлердің алаңы 124 857 шаршы метрді құрайды. Пәтерлер 2022-2023 жылдары пайдалануға беріледі.
Қала әкімі үйлердің заманауи дизайнда, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына аса мән берілуін атап өтті.
Айта кетейік, Шымкент қаласында тұрғын үйге сұраныс өте жоғары екендігін ескере отырып, биылғы жылы 2 972 пәтері бар 51 тұрғын үй салынуда және жылдың аяғына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр. Шымкент қаласының құрылыс басқармасына 2022 жылы бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд. теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар, Инженерлік инфрақұрылым бойынша Тұран шағын ауданында 5 жоба, Бозарық шағын ауданында 6 жоба, ӘІО 2 жоба және Жанаталап тұрғын алабында 2 жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, 8 мектеп құрылысы, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарлануда. Айта кетейік, 2022 жылы 500 азаматқа 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаты беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 миллион теңгеден аспайды. Әлеуметтік көмек қайтарымсыз негізде беріледі. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде«2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны.