«Нұрлы жер»: Шымкентте жыл соңына дейін 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болады

0
831

Биыл 79 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.


«Нұрлы жер»: Шымкентте жыл соңына дейін 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болады

Биыл Шымкентте «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында 79 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 39-ын пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы "Жұлдызды 30 күн" іс-шаралар жоспарына сәйкес Шымкент қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында басқарма басшысы Әбілсейіт Рабаев мәлімдеді.
БАҚ өкілдері алдымен Тұран шағынауданындағы құрылысы аяқталған тұрғын үйлермен танысты. Заманауи сәулеттік жобалар бойынша салынған тоғыз және он екі қабатты үйлерде тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Жол, су, электр қуаты мен өзге де инженерлік-коммуникациялық желілер тартылған. Қоғамдық көлік жүріп тұр.
Биыл Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 79 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 2 437 пәтерлі 39 үй биыл салынып бітті. Мұның 337 пәтері үй кезегінде тұрған азаматтарға арендалық баспана ретінде үлестіріледі. Қалған 2 100 пәтер кредиттік жүйемен беріледі, - дейді Ә.Рабаев.
Айта кетейік, Тұран шағынауданы қазір Шымкенттегі ең үлкен құрылыс алаңы. Онда 88 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. 2020 жылы 27 үй ел игілігіне берілсе, биыл бұл көрсеткіш 29-ға жетіпті. 2022 жылы осы шағынауданда тағы 32 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
- Шымкентте арендалық тұрғын үйдің кезегінде 46 мың отбасы тұр. Ал, кредиттік баспана алғысы келетіндер 148 мыңнан асады. Осындай үлкен сұранысты ескере отырып, қазір Тұран шағынауданында салынуы тиіс қосымша 50 көпқабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Олардың құрылысы 2023 жылы басталады, - деді Әбілсейіт Байсейітұлы.
Баспасөз туры барысында журналистер Шымкенттегі №46 мектептің жанынан салынып жатқан қосалқы ғимараттың да құрылысымен танысты. 300 орынды ғимарат биылғы шілде айында салына бастаған. Келесі оқу жылының басында оқушыларға есігін айқара ашады деп күтілуде.
Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ә.Рабаевтың айтуынша, биыл Шымкентте бюджет қаржысы есебінен 11 мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, оның 4-еуі қыркүйек айында пайдалануға берілген. Қалған 7 ғимарат келесі жылы салынып бітеді.