Шымкент қаласы өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Қазақстанда туристердің келуіне байланысты 6-орынға жайғасқан.
Тұңғыш Президенттің «Адамға өмір бір рет беріледі, және оны Шымкентте сүру керек» деген сөздерімен-ақ шаһардың кереметтілігін жеткізгені белгілі. Қаланың әсем табиғаты, климаты жалпы қай жағынан алып қарасаңыз да тұрғындар үшін өте қолайлы қала.
Шымкентке еліміздің басқа өңірлерінен немесе алыс-жақын шет елдерден келетіндердің қарасы да аз емес. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы Шымкент қаласына келуші туристер саны – 316 832 адамды құраған. Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша статистика 213 394 адамға жеткен. Бұл пайыздық көрсеткіш - мегаполиске келген азаматтар санының 148,5 пайызға ұлғайғанын көрсетеді.
Шымкентке ат басын бұрған қонақтардың басым көпшілгі өз еліміздің тұрғындары десек болады. Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының дерегінше, Қазақстанның 300 мыңнан астам тұрғыны мен шетелдің 14 мыңнан астам азаматы Шымкент қаласына саяхаттау, іскерлік, кәсіптік, сондай-ақ жеке мақсатта сапарлатып келген.
(фото: Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы)
Шымқалаға келуші туристердің басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Түркия, Қытай Халық Республикасы, Сауд Арабиясы, Франция, Германия, Италия және АҚШ елінің азаматтары.
Шымкент қаласы өткен жылдың қорытындысымен Республикада келуші туристер санымен 6-орынға жайғасқан. Ал, оның ішінде келуші шетелдік азаматтар бойынша 3-орынды құрап отыр.
Қалада туризм бағытын дамыту мақсатында түрлі жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы тарапынан жыл ішінде 153 экскурсия ұйымдастырылған. Гидтер орталық тарапынан экскурсияларды ақысыз жүргізеді және келушінің қажеттілігіне байланысты бірнеше тілде ақпарат береді.
Айта кетейік, былтыр туризм саласы бойынша туроператорлар, турагенттер және өзге де ұйымдардың қызметін қосқанда 1300-ге жуық адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Биыл да Шымкентте құрылысы жүріп жатқан және кезегімен ашылып жатқан қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындары бар.
Одан өзге, елімізде алғаш рет туристерге қызмет көрсететін кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржылай қолдау тетіктері іске асуда. Ол қолдаулар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, жергілікті атқарушы орган және «Kazakh tourism» ҰК тарапынан көрсетілмек. Атап айқанда, Министрлік тарапынан: шет елдік туристер үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау (15 мың тг, әр бір сырттан келетін турист үшін), жергілікті атқарушы орган тарапынан: туристік нысандар құрылысы шығындарының бір бөлігін өтеу (10%), жол бойындағы қызмет көрсету нысандары құрылысының бір бөлігін өтеу (10%), туравтобустарды сатып алуда шығындардың бір бөлігін өтеу (25%), санитарлық-гигиеналық торапты (әжетхана) күтіп ұстау шығынын субсидиялау (83 300 тг), одан өзге, «Кazakh tourism» ҰК» АҚ тарапынан балалар әуебилетін субсидиялау (100%). Яғни, 17 жасқа дейінгі балалар Қазақстан ішінде тегін ұша алады. Аталған жоба – ел ішінде демалысқа аттанған балалардың әуе билетін тегін алуына мүмкіндік береді. Ол үшін турпакет ішкі туризмде лицензиясы бар туроператордан сатып алынуы тиіс. Бұл қолдаулар басқарма тарапынан қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндігі бар азаматтарға көрсетілетін болады.
Жалпы, Шымкент қаласында туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Тек осыларды дұрыс пайдалана алсақ, қаламызға келетін туристердің қатары артатыны анық.