"Отынды қарауылмен келісіп сатады": Шымкентте балабақша меңгерушісі қызметкерге жала жауып, жұмыстан шығарған

1
2 064


фото: иллюстрациялық

Шымкент қаласындағы №10 «Достық» бөбекжай бақшасы Заңсыз әрекеттердің ордасына айналғандай. Өйткені, балабақшаның меңгерушісі Заңға қайшы іс-әрекетке барғандығына наразы болған қызметшіні жұмыстан шығарған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Әділдік сұраған Жадыра Асанованың жазған арызында бір емес, заңға қайшы бірнеше жайттар айтылған.

Арызданушыны №10 «Достық» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Индира Примкулова жала жауып, қызметтік хат толтырып жұмыстан шығарып жіберген. Оған Индира Примкулованың бақша жұмысындағы заңсыз әрекеттерін құзырлы органдарға айтқаны нақты себеп болыпты.

Сол себепті де, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбайға №10 «Достық» бөбекжай бақшасының шаруа меңгерушісі арыз жазды. Жадыра Асанова балабақшадағы жағдайларға байланысты мынадай мәлімдеме жасаған:


"Балалардың тамағының құнары төмендеп кеткен, қысқы жылуға арналған сұйық отынды бақша меңгерушісі қарауылмен келісіп сатады. Бақша суық болған соң балалар қалың киіммен жүруге мәжбүр. Көп ауырады."


Оның айтуынша, балабақшада еңбек етпесе де еңбекақысын алып отыратындар да кездесетін көрінеді. Қайрат Юсупбаев және Гүлнара Ернишова есімді азаматтар 5 жылдан бері жұмысқа келмей, айлық жалақыларын тұрақты түрде алып отырады екен. Ал, оңай олжаға ие болып жүрген Гүлнара Ернишова қосымша №65 мектепте музыкант болып жұмыс істейтінін айтады арызданушы.

Балабақшадағы былық мұнымен аяқталмапты. Балаларға арналған азық-түлікті арнайы фирма алып келіп, оларға қаржы аударылады екен. Десек те бұл тек құжат бетінде ғана көрінеді. Ал, шындығында азық-түлікті базардан таситын Асанова Жадыраның өзі екен.

Сонымен қатар, Жадыра Асанова осы іс бойынша Шымкент қаласы білім басқармасы басшысы міндетін атқарушы Балмаржан Нарбековаға 2019 жылдың желтоқсан айында шағым жазған.


Бір емес бірнеше былықтың бетпердесін ашқан арыз жайлы Шымкент қалалық Білім басқармасының Баспасөз қызметінің мәліметінше, арыз қабылданып, өткен жылдың соңында зерттеп-зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Ал осы жылдың 13 қаңтарында аталған бөбекжай-бақшасының шаруашылық меңгерушісі боп қызмет еткен Ж.Асанова жұмыстан шығарылып, меңгерушісіне тәртіптік шара көрілген көрінеді.

Сонымен қатар, №10 «Достық» бөбекжай-бақшасында өрескел бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғаларға шаралар қабылдап, қабылданған шаралар бойынша осы жылдың 14 қаңтарына және орын алған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесі бойынша білім басқармасына 17 қаңтарға мәлімет ұсыну бөбекжай-бақшасының меңгерушісі И.Пірімқұловаға жүктеліпті.

"Бүгінгі күнге 2020 жылдың 13 қаңтарында балабақшаның шаруашылық меңгерушісі Ж.Асанованы №15 ж/қ бұйрықпен жұмыстан шығарылған.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне зерттеу-зерделеудің анықтамасын өз құзіреті шегінде қарау үшін хат жолданды. Бүгінгі таңда, Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан Ж.Асанованың арызы бойынша бүгінгі күнге тексеру комиссиясы тағайындалып, балабақшада тексеру жұмыстарын жүргізуде»,
деп хабарлады Шымкент қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі.