«Республика күні»: Шымкентте «Тарихи күндер тізбегімен» атты іс-шара өтті

0
1 017

Сайыстың алғашқы күнінде ер жігіттер арасында ұлттық ойыннан 8 жоғары оқу орыны жарысқа түсті.


«Республика күні»: Шымкентте «Тарихи күндер тізбегімен» атты іс-шара өтті

Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен жоғары оқу орындарының жастары арасында 25 қазан - Республика күніне орай, «Тарихи күндер тізбегімен» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған шараның мақсаты - Шымкент қаласындағы талантты, белсенді әрі дарынды жастардың елдің мәдени және қоғамдық өміріне белсене араласуы, жастар арасында салт-дәстүрлерді дәріптеу, ұлттық және патриоттық сананы қалыптастыру. Сонымен қоса, еліміздегі түрлі салалардың дамуына үлес қосып жүрген жастарды қанаттандыру және дарындылығымен көзге түскен жас буынды ынталандыру, ерен еңбегін бағалау.

Іс-шараның талаптары бойынша қатысушылар 14 пен 29 жасқа дейінгі ұлттық нақыштағы киім үлгісінде болуы міндеттелген. Ұйымдастырылу тәртібі бойынша бүгін алғашқы күн ер жігіттер арасында ұлттық ойыннан 8 жоғары оқу орыны жарысқа түсті. Атап айтқанда қол күрес, асық ату, ләңгі тебуден Қазақстан халықтар достығы университеті, «Мирас» университетi, М.О. Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетi, "Шымкент" университеті, Ж. Ташенов атындағы университет, Орталық Азия Инновациялық университеті өзара тартысты сайыс өтті.

Шараның қорытынды нәтижесінде жеңімпаз болып танылған жастарға жастар ресурстық орталығының атынан арнайы диплом және әрбір сайыс бойынша бағалы сыйлықтар табысталды.

Сайыстың екінші күнінде қыздар ұлттық тағамдар әзірлеуден жарысқа түседі. Атап айтқанда бауырсақ пісіру, қамыр жаю, кеспе турау, майсөк әзірлеуден сынға түсетін болады. Жарыстың үшінші күні дәстүрлі өнер бойынша дәстүрлі әндер мен биден шашу шашып (жекелей немесе топ болып), қазақ халқының тарихы жайында викториналық сұрақ-жауап жарысы өтетін болады.

Айта кетейік, биыл Қазақстан 13 жылдан кейін алғаш рет Республика күнін тойлайды. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті.