"Сан сүйегі шығып кеткен": Шымкенттік дәрігерлер 4 жасар балаға күрделі ота жасады

0
705

Төсекке таңылған балақайды аяғына тұрғызу үшін дәрігерлер хирургиялық емнің күрделі әдісін қолданған.


Шымкенттік дәрігерлер ауыр дертке шалдыққан 4 жасар балаға күрделі ота жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының хирургтері тумасынан ауыр дертке шалдыққан 4 жасар балаға күрделі ота жасады. Нәресте күнінде сепсиспен ауырған балақайдың аяғы іріңдеп, сан сүйегі шығып кеткен. Соның салдарынан балақай өздігінен аяқ басып жүре алмай қалған.
Төсекке таңылған балақайды аяғына тұрғызу үшін дәрігерлер хирургиялық емнің күрделі әдісін қолданған. Операция кезінде балалар хирургтері науқастың аяғының зақымдалған аймақтарын хирургиялық жолмен тазалап шықты. Кейін патологиялық шыққан сан сүйегін буынға орналастырып беріпті.
«Баланың аяғы нәресте кезінен іріңдеп кеткендіктен, буын жандарында анатомиялық өзгерістер болған. Салдарынан сан сүйегін жоғарыдан төмен түсіру қиын болды. Дегенмен, біз анатомиялық өзгерген тіндерін тазалап, сүйегін 2 см төмен түсірдік. Ота сәтті өтті, бала өз еркімен қимылдай алады. Бұл балаға бірнеше ота жасаймыз», - дейді ортопед-травматалог Болат Нұсқабаев.
Медицина мамандарының сөзінше, мұндай оталар сирек жасалады. Операция күрделі әрі бірнеше хирургиялық ем кезеңінен өтуі қажет.