Аталған форумның мақсаты – жас қыз-келіншектерді өмірде табысқа жетуге ұмтылдыру.
Бүгін Шымкент қаласында SEN 1-ші қазақстандық қыз-келіншектердің форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған форумның мақсаты – жас қыз-келіншектерді өмірде табысқа жетуге ұмтылдыру. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған форумға Шымкент қаласының іскер, нәзік жандары қатысуда.
Форум спикерлерінің қатарында Меруерт Өтекешева, Майра Мұхамедқызы, Ләйлә Сұлтанқызы, Арайлым Әуелбекова, Ханзада Есенова, Айка Алеми, Жания Дабыр сынды басқару, киноиндустрия, өнер, медиа, сән әлемі және кәсіпкерлік саласындағы көшбасшы әйелдер бар.
Форумның арнайы қонағы – Сколково Мәскеу басқару мектебінің проректор, әйелдер бағдарламаларының директоры Марина Карбан қатысушылармен онлайн режимде тілдесіп, қазақстандық қыз-келіншектерге сәттілік тіледі.
SEN форумының міндеті – нәзік жандылардың алға қойған мақсаттарына жетудегі әлеуетін толықтай ашуға көмектесу, сонымен қатар олардың өзара танысып, тәжірибе алмасуына қолайлы алаң ұсыну.
— Өмірдің әрін де, нәрін де кіргізетін, тіршілікке мән сыйлайтын абзал жандар, бұл – әйелдер қауымы. Мерекенің бастауы да, шаңырақтың шаттығы да, мейірімнің ұясы да, әсемдіктің қайнар көзі де – Сіздер. Қазақ қыздарының тарихта қалдырған ізі аз емес. Міне, осындай ардақты аруларымыздың даңқты жолын Сіздер абыроймен жалғап келесіздер, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласында қыз-келіншектер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге кеңінен жол ашылғанын атап өтті.
Айта кетейік, форум қатысушыларының арасында «Бизнес инкубатор» байқауының жеңімпазы атанған студент қыздар, «Атамекен», «Даму» корпорациясынан грант ұтып алған әйелдер, өзінің отбасылық бизнесін енді ғана бастаған көпбалалы аналар бар. Олар форум аясында көшбасшы әйелдердің табысқа жету жолдарымен танысуда. Өз кезегінде табысты, іскер әйелдер өзін өзі дамыту, карьералық өсу, қаржыны басқару, денсаулықты күту мен жеке өмірге қатысты пайдалы кеңестерімен бөліседі. Сонымен қоса, форумда танысқан спикерлер мен қатысушылар бір-бірімен ұзақ уақыт байланыста болып, тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатады. Спикерлер мен шымкенттік бизнес-вумендер менторлық арқылы отбасы, психология және қарым-қатынас, сондай-ақ, тұлғалық өсу мәселелері бойынша үшінші мегаполис қыз-келіншектерінің өз қауымдастықтарын қалыптастыруы бойынша жұмысты жыл бойы жалғастыра береді.