Шымкентте журналистика саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Бүгін ҚР Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова Шымкент қаласының журналистерімен кездесу өткізді, деп xабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент қаласы Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғимаратының мәжіліс залында өткен кездесуге ардагер тілші Қонысбек Байдулла, ҚР Парламенті Сенаторы Айгүл Қапбарова, ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай және Шымкент қаласындағы бірқатар журналистика саласының мамандары қатысып, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді талқылады.
Аталған жиынды сенатор А.Қапбарова ашып беріп, Оңтүстік журналистикасының ардагері Қонысбек Байдуллаға сөз кезегін берді.
"Мен осы Оңтүстік журналистикасының ардагері ретінде барлықтарыңа татулық, бірлік тілеймін. Бірақ, қазір осы салада неше түрлі әңгіме айтылып жүр. Негізі Түркістан облысы мен Шымкент қаласының журналистері бөлінуге болмайды, бірігіп жұмыс істеу керек. Облыс пен қала бөлінді деп, бір-бірімізден алшақтауға болмайды", - деді өз сөзінде Қонысбек Байдулла.
Одан кейін, кездесу барысында журналистердің мәртебесін, дәрежесін көтеру, тілшілердің жеке өміріне қол сұқпау, ақпараттардың уақытылы жетуі және ақпарат көздерінің шектен тыс көбеюі мәселелері қозғалды. Ал, сенатор А.Қапбарова бұл мәселелердің көтерілетінін, тиісті шаралар қолданылатынын айтты.
"Бүгінгі айтылған мәселелердің барлығы талқыланып, шаралар қолданылады. Журналистердің мәртебесін көтеру де, жалған ақпараттардың таралуы да біздің басты мәселеміз. Одан кейін, газетте жұмыс істейтіндер "сайттар көбейді, газеттегілердің жағдайы қиындады" деп қарап отыруға болмайды", - деді.
Сондай-ақ, жиын соңында ОҚО Журналистер одағының экс-төрайымы Айгүл Қапбарованы бұрынғы әріптестері ҚР Парламенті сенаторы болуымен құттықтады.