«Шам»: Шымкентте поэзия сүйер қауым бас қосты

0
668

Кеш барысында ел ағалары Салтанат Мадиярқызының «Шах-мат» жинағының тұсауын кесті.


«Шам»: Шымкентте поэзия сүйер қауым бас қосты

Бүгін Шымкентте поэзия сүйер қауым «Шам жарығындағы кездесуде» бас қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шабыттары шарықтап, арман жолында мазмұнды өлең жазуды мақсат тұтқан жастардың «Шам» әдеби-шығармашылық орталығына биыл 5 жыл толады. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жас ақындарға қала әкімінің құттықтауын жеткізді.

«Шам» әдеби-шығармашылық орталығының мүшелері аз ғана уақыттың ішінде көптеген игі істің басы-қасынан көріне білді. 7 ақын Жазушылар одағының мүшесі болды. Ақындарымыз жас болса да, түрлі салада бас болып жүр. Кеше «Ұлт ұстазы» сериалын көріп, Алаш ардақтыларының ел үшін еткен еңбегінен ерекше әсер алдым. «Шам» жас ақындардың басын қосып, мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып отыр. Осы толқын Алаш арыстарындай әдебиеттің келешегі болады деген үміттемін. Елдің сіздерден күтері көп, берерлеріңіз де мол болсын, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Кеште жазушы М.Байғұт жастарға ағалық батасын берді.
Аға буынның атынан ерекше қуанып тұрмын. Жүсіпбек Аймауытов «Елдің марапатына бөленбей-ақ, елімді еңбегімнің марапатына бөлесем» деген екен. Ақын-жазушылар сөз киесін түсінеді.«Әлемнен әдебиетті алып тастасаң, сақырлаған қару мен сықырлаған тиын ғана қалады» деген сөз бар. Әлемнен әдебиетті алып тастағысы келетіндер болған, бола береді. Бірақ, жастарымыз ұрпақтар сабақтастығын сақтай бермек, – деген қаламгер жастарға сенімін білдірді.
Миллион тұрғыны бар қаланың әдеби ортасы болуы шарт. Осындай ортаның бізде қалыптасқаны қуантады. Біздің дәрістеріміздің титімдей пайдасы тисе, сол үшін қуаныштымын. Шымкент келешекте әдебиет орталығына айналады деген сенімдемін, – деді Ақжол Қалшабек шәкірттеріне ақ жол тілеп.
Кеш барысында ел ағалары Салтанат Мадиярқызының «Шах-мат» жинағының тұсауын кесті. Сонымен қоса жас ақындар Ж.Жүрсінбек, Г. Жұмабай, А. Мұратәлиева, А. Бейбітбек, Сабыржан Ахат, С.Сейітов, С. Мадиярқызы, С.Мергенбай, М. Әбілазымова, Н. Нұрғазы, Б. Мақашев, Б.Ерман өз туындыларын оқыды.
Кеш соңы поэтикалық дуэльмен жалғасты.