Іс-шара барысында тарихи жанрдағы фильмдер ашық аспан астында көрсетілді.
17 наурыз – «Тарихқа тағзым» күні деп белгіленген. Бүгін «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде, Арбат алаңы мен Абай саябағында «Ордабасы – бірліктің туы», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты тарихи мультфильмдермен қатар «Ұлы дала таңы», «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала» көркем фильмдері ұсынылды. Тарихи-мәдени кешенге келген қонақтар елімізге белгілі дизайнерлердің жеке топтамаларынан этно стильді дефиле көрсетілімін тамашалады. Сондай-ақ, іс шара барысында тарих тереңінен сыр шертетін «Шығыс базары», «Ұлттық қолөнер - ұрпаққа аманат», «Көне қала сыр шертеді» атты көрмелер мен көріністер ұйымдастырылды.
«Ұлттық тағамдар жәрмеңкесі» аясында киіз үйлерде ұлттық ас мәзірін әзірлеуден шеберлік сағаттары өтіп, қонақтарға тағамдар Наурызға тарту ретінде ұсынылды. Тұрғындар қазақтың ұлттық ойындары - қазақша күрес, алтыбақан, қол күрес, тоғыз құмалақ, арқан тартыстан жарыстарға қатысты. Сондай ақ бұл күні балалар үйлерінің тәрбиеленушілері «Риксос Хадиша» қонақ үйі концерттік залында тарихи эпизодтарға құрылған мультфильмдерді тамашалап, өткенге саяхат жасады.
– «Тарихқа тағзым» күні – тарихымызды ұмытпай, жастарымызға ұлттық құндылықтapды ciңipу, оларды ұлттық pухта тәpбиeлеу, сонымен қатар төл тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті арттыру мақсатында тойлануы өте орынды. Ертеңгі күні елге иелік ететін жастарымызды тарихты тануға, салт-дәстүрді, баба тілімізді құрметтеуге, төл тамырынан ажырамайтын өресі мықты етіп өсіру – біздің міндетіміз. «Тарихқа тағзым күнінің» осындай үлкен миссиясы бар, – дейді «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің басшысы Мадина Кенжеқұлова.
Айта кетейік, мерекелік іс-шара тарихи кешенде күні бойы жалғасатын болады.