Ғасыр жасаған әжей қаладағы №52 мектеп ғимаратында орналасқан №283 сайлау уческесі арқылы өз таңдауын жасады.
Шымкент қаласы Қатынкөпір шағынауданының тұрғыны 100 жастағы кейуана Айымкул Орынбаева кезектен тыс ҚР Парламент Мәжілісі мен қала мәслихаттары сайлауында өз үйінде дауыс берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ғасыр жасаған әжей қаладағы №52 мектеп ғимаратында орналасқан №283 сайлау уческесі арқылы өз таңдауын жасады.
“Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, елдің қамын ойлаған азаматтарға Алла жар болсын! Әз-Наурыз мерекесі құтты болсын!" ,- деп батасын берді кейуана.
Әжеміз өз ғұмырында елімізде өткен барлық сайлауға қатысып, белсенділік танытқан жан екен.
Қаладағы №283 сайлау учаскесіне 2 829 сайлаушы тіркелген. Мұнда тұрғындардың сайлауға деген белсенділігі өте жоғары. Таңнан бері 112 адам өз таңдауын жасаған. Ал жүріп-тұруы қиын жандарға комиссия мүшелері өздері барады. Олар үшін барлық жағдай жасалған.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы №24 орта мектепте орналасқан №142 сайлау учаскесінде таңғы таң азанымен бірінші болып тыл ардагері Өркен Әбдіреев дауыс берді. Саяси додада белсенділік танытып, өз таңдауын жасаған қарияға сыйлық табыстады.
"Әркез сайлаудан қалмауға тырысамын. Еліміздің азаматы ретінде өз ұстанымым – елмен бірге маңызды науқанға белсенді қатысу. Менің замандастарымның қатары сиреді. Өмірді көрген-түйгенім көп болғандықтан ертеңгі күн қалай болады деп алаңдаймыз. Өз таңдауымды жасадым. Барлық шымкентіктерді белсенді болуға шақырамын", - деді ақсақал.
Сондай-ақ, Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде орналасқан №89 сайлау учаскесінде сайлау таңғы сағат 6.00-де басталды. Әскери бөлімде 800-ге жуық сарбаз өз таңдауын жасайды. Ал, офицерлік құрам мен әскери қызметкерлер өздерінің тұрғылықты мекенжайы бойынша сайлау учаскесіне барып, отбасы мүшелерімен бірге өз таңдауларын жасамақ.
Бүгін Шымкент қаласында тұрғындар 512 сайлау учаскесінде таңдау жасайды. Қаламызда белсенді дауыс беру құқығына 639 663 сайлаушы ие.