ШЫМКЕНТ: 2021-2023 жылға арналған қала бюджеті 448 млрд теңге болып нақтыланды

0
2 624

Халықты тұрғын үймен қамтуға және денсаулық сақтау саласының материалдық базасын нығайтуға бағытталатын болады.


ШЫМКЕНТ: 2021-2023 жылға арналған қала бюджеті 448 млрд теңге болып нақтыланды

Бүгін жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті үшінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сессияның күн тәртібінде қаралған 2021-2023 жылдарға арналған қала бюджетіне өзгерістер енгізу бойынша қала депутаттарының ұсыныстарын баяндаған А.Елшиева басқа өңірден мәдениет саласына мамандар мен құрал жабдықтар тарту қала экономикасына кері әсерін тигізетінін және ол бағытқа бөлінетін қаржыны инфрақұрылымға бөлу қажеттігін айтса, қала басшысы мәдениет саласын дамыту негізінде ең басты байлығымыз-адам капиталы екенін, мәдениет саласын дамытуды тұрақты қолдап отыру керектігін айтты.

«Шымкент - еліміздің үшінші мегаполисі болғандықтан мәдениет саласын Республика деңгейіне көтеруіміз қажет. Бұл салаға сол деңгейдегі мамандарды тарта отырып дамыта аламыз. Жергілікті мамандардың біліктілігі мен кәсібилігіне сенімсіздік танытпаймын. Дегенмен еліміздің мәдениет саласының дамуына үлес қосып келетін тәжірибелі азаматтардың көмегіне жүгінуге болады. Мәдениет дегеніміз бірден көтерілмейді, оны көтеруге 10-20 жыл уақыт керек. Ал, инфрақұрылым мәселесін 1-3 жылда шешуге болады», - деді қала әкімі.
Сессия отырысында қала бюджетіне өзгерістер енгізіліп, 2021-2023 жылға арналған қала бюджеті 448 млрд. теңге болып нақтыланды. Бұл қаржының басым көпшілігі шеткі шағын аудандардың инженерлік-инфрақұрылымын салуға, халықты тұрғын үймен қамтуға және денсаулық сақтау саласының материалдық базасын нығайтуға бағытталатын болады.