ШЫМКЕНТ: «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін несиелік тұрғын үйлерге құжаттар қабылданады

0
1 543

Үміткерлер белгілі бір пәтер түріне өтініш бере алады.


ШЫМКЕНТ: «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін несиелік тұрғын үйлерге құжаттар қабылданады

Шымкент қаласы бойынша төлем қабілеттілігі бар азаматтардан «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін несиелік тұрғын үйлерге 2 жұмыс күні ішінде құжаттар қабылданады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласында 2019 жылдың қазан айының 1-2 жұлдызында, сағат 9.00-18.00 аралығында (түскі үзіліс сағат 13.00-15.00 аралығы) «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін несиелік тұрғын үйлерге өтінім мен құжаттар қабылданады.

Атап айтсақ, «7-20-25» бағдарламасы бойынша төлем қабілеттілігі расталған азаматтар жылдық мөлшері 7 пайызды құрайтын, бастапқы жарна 20 пайыздан төмен емес, мерзімі 25 жылға дейін берілетін несиелендіру шарттарымен тұрғын үй ала алады.


«7-20-25» бағдарламасына қатысу шарттары:

- Қазақстан Республикасының азаматы;

- ипотекалық несиелердің болмауы;

- табыстың болуы;

- баспананың болмауы.


Бағдарламаның негізгі талаптарына сәйкес, үміткерлер белгілі бір пәтер түріне өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:

1) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;

2) аумақтық әділет органының (өтініш берушінің және онымен ұдайы тұратын отбасы мүшелерінің меншік құқығында оларға тиесілі үй-жайдың жоқтығы туралы) анықтамасы;

3) Алғашқы кредиттік бюро анықтамасы;

4) Жұмыс орнынан табысы туралы анықтама.

Егер өтініш беруші тиісті кірісті растамаса, онда келесі өтініш берушілердің алдын ала тізімдерінен іріктеу жүргізіледі.


Атап айтсақ, өтінімдер мен құжаттардың қабылданатын мекен-жайы: Шымкент қаласы, Республика даңғылы , №12а , 1-ші қабат.