Абай ауданында бюджет қаржысының айтарлықтай үлкен бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалып отыр.
Шымкент қаласы Абай ауданының экономикасына 32 миллиард 700 миллион теңге инвестиция тартылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов брифинг барысында айтты.
Брифингте Б.Парманов аудан аумағында 34 шағын аудан мен елді мекен орналасқанын, оның ішінде 453 көп қабатты үй, 258 аула мен 2 саябақ бар екенін атап өтті.
Әкімнің айтуынша, Абай ауданына 2017 жылы 22,6 миллиард теңге бөлінсе, 2022 жылы 110,8 миллиард теңге бөлінген. Егер бұл мәлімтті сала бойынша талдар болсақ, 2022 жылы ауыз суға — 5,2 миллиард теңге, сапалы электрмен қамтуға — 5,2 миллиард теңге, табиғи газбен қамтуға — 5,3 миллиард теңге, кәріз жүйесінің құрылысына – 1,4 миллиард теңге және аудан аумағын абаттандыруға 956,1 миллион теңге бөлінген.
Сондай-ақ, Б.Парманов биыл жол құрылысы саласына –2,4 миллиард теңге, көшелерді, аулаларды, қоғамдық орындарды жарықтандыруға – 5 миллиард теңге, ал, санитарлық тазалыққа 2,6 миллиард теңге қаралғанын атап өтті.
Абай ауданында бюджет қаржысының айтарлықтай үлкен бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, бұл бағытқа жұмсалған қаржы 2017 жылы – 18,1 миллиард теңгені құраған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 75,3 миллиард теңгеге жетіп отыр екен.
Б.Пармановтың айтуынша, 2022 жылдың 9 айындағы қорытындысы бойынша ауданда өнеркәсіп саласында 56,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, экономикаға 32,7 миллиард инвестиция тартылыпты.Сондай-ақ, құрылыста 3,9 миллиард теңгенің жұмысы атқарылса, аудан аумағында 65,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті.
Айта кетейік, Абай ауданында орналасқан бұрынғы қорғасын зауытының орнында шағын және орта бизнеске арналған «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады.