Шымкент әкімі маңызды іс-шараларды түркістандықтармен біріге өткізуге ұсыныс жасады

0
917

Е.Айтаханов: «Шымкент пен Түркістан бөлінгенімен, ел іргесі бөлінген жоқ»


Шымкент әкімі маңызды іс-шараларды түркістандықтармен біріге өткізуге ұсыныс жасады

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Оңтүстік өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесуде шаһар басшысы Шымкенттің дербес статусқа ие болуы мен Түркістанның облыс орталығы атануы мұндағы халықтардың рухани байланысына еш кедергі келтірмеуі керектігін атап өтті.

«Шымкенттің республикалық қала мәртебесіне ие болуы, Түркістанның облыс орталығы атануы – олардың арасына жік салу үшін жасалған жоқ, керісінше, оңтүстік өңірін заман талабына сай дамыту үшін жасалған қадам екенін жете ұғынуымыз қажет. Рухани байланыс – өте нәзік мәселе. Бұл тұрғыда жіберілген кішкентай қателіктің өзі кешірілмейді. Бұдан былай еліміздің дамуына серпін беретін шараларды түркістандық ағайынмен бірлесе өткізейік», - деді Е.Айтаханов.

Сондай-ақ, қала әкімі біраз уақыттан бері тоқтап қалған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелерін қайта жандандыру қажеттігіне тоқталды.

«Облыс пен қала бөлінгеннен кейін ауылшаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі де тоқтап қалды. Бұл тек төмен бағадағы азық-түлік сату ғана емес, халықтың көңілін серпілтетін ерекше әлеуметтік, мәдени іс-шара да еді. Адал еңбегі арқылы мол өнім алатын түркістандық еңбекқор шаруаларды Шымкент жұртшылығы сағынды. Өніміне артық ақша сұрамайтын қанағатшыл оңтүстіктік шаруаларды Шымқаламыздан көргіміз келеді. Сондықтан, Түркістан облысының шаруаларын Шымкентке қайта шақырамын. Келіңіздер, адал маңдай термен өсірген өнімдеріңізді бізге де саудалаңыздар. Бұдан екі жақ та ұтады», - деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, келер жылы Түркістан облысында әлем елдері «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтететінін айтып, мерейтойдың ашылуын Түркістанда, жабылуын Шымкентте өткізуге ұсыныс тастады.

Ал, келер жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатын Шымкент қаласына байланысты: «Мерейді де тасытатын, үлкен жауапкершілік те жүктейтін шараларға түркістандық ағайындар да атсалысып жатса, бұл шара біз күткендегіден де жоғары деңгейде өтер еді», - деді Е.Айтаханов.