ШЫМКЕНТ: Ақжайық шағынауданына кәріз жүйесі тартылып жатыр

0
909

Сметалық жобаға сәйкес, ұзындығы 22,1 шақырым кәріз жүйесі салынып, ол үшін бюджеттен 686,1 млн теңге қаралып отыр.


ШЫМКЕНТ: Ақжайық шағынауданына кәріз жүйесі тартылып жатыр

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Ақжайық шағынауданын инжинерлі-инфрақұрылыммен қамту барысын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазір мұнда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде.

Сметалық жобаға сәйкес, ұзындығы 22,1 шақырым кәріз жүйесі салынып, ол үшін бюджеттен 686,1 млн теңге қаралып отыр. Құрылысы биыл басталған нысанда қазір жұмыстың 10 (2,5шқ) пайызы орындалған. Жұмысты аяқтау мерзімі 2023 жылдың тамызына жоспарланған. Пайдалануға берілгенде шағынаудандағы 4200 үй кәріз жүйесіне қосылады. Жаңа кәріз жүйесін шағынаудан халқымен бірге кәсіпорындар, мектеп пен балабақшалар да пайдаланады.
Ақжайық шағынауданында 35 көпқабатты, қалғаны жеке тұрғын үйлер.
Ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтылған. Қазір онда 3 мектеп пен 12 балабақша бар.
Өткен жылы 8 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілген. Биыл 10 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілуде.
Шағынауданда осы жылы 13 көше орташа жөндеуден өтпек. Атап айтқанда Жағатай көшесінің жалғасы, Оразбай ата, Бетеге жалғасы, Жағатай көшесінің жалғасындағы атауы жоқ көше, №12 көше, Сарбаз көшелеріне асфальт төселеді.
Жоспарға сәйкес, жыл сайын орташа жөндеу жұмыстары қаланың орталық көшелері ғана емес, ауданның ішкі орамдық көшелері де қамтылады. Бүгінде жоспарланған 308 көшенің 145 көшесі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, бүгінге дейін Ақжайықта 8 көше жарықтандырылған. Биыл Балқарағай, Асфендияров көшесі жарықтанса, 2023 жылы Байсбаев пен Қарасай, 2024 жылы Спанов пен Уали ата көшелеріне кешкі шам орнатылады.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады.

Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар.