ШЫМКЕНТ: Әлеуметтік қызметкерлер 500-ден астам зейнеткерге үйлеріне барып қызмет көрсетуде

0
3 292

Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы қариялардың қала аумағында ұл-қыздары жоқ немесе балалары еңбекке жарамсыз.


ШЫМКЕНТ: Әлеуметтік қызметкерлер 500-ден астам зейнеткерге үйлеріне барып қызмет көрсетуде

Шымкентте әлеуметтік қызметкерлер 500-ден астам зейнеткерге үйлеріне барып қызмет көрсетуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы қариялардың қала аумағында ұл-қыздары жоқ немесе балалары еңбекке жарамсыз. Сала мамандары қызмет алушыларға аптасына екі рет барып азық-түлік пен дәрі-дәрмектерін жеткізеді, әлеуметтік-психологиялық, медициналық және тұрмыстық қызмет түрлерін көрсетеді.

Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сабыржан Арапбай қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында «Қарт адамдарды әлеуметтік қолдау» тақырыбында өткен баспасөз-брифингі барысында мәлім етті. БАҚ өкілдеріне арналған жиында басқарма басшысының орынбасары мен «Белсенді ұзақ өмір» орталығының басшысы Мауия Алданазарова қазыналы қарияларымызды әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндап, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Шымкент қаласы бойынша ай сайын 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға 2 АЕК яғни, 6900 теңгеден әлеуметтік көмектер төленуде. 9 Мамыр Жеңіс күніне орай 3 ҰОС ардагеріне 360 АЕК, яғни 1 242 000 теңгеден және 2 мыңнан астам тыл еңбеккеріне 12 АЕК, 41 400 теңгеден әлеуметтік көмек төленген. Соғыс ардагерлеріне сондай-ақ ай сайын 5 АЕК, 17 250 теңгеден берілуде. Қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету де қарастырылған. Биылдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды. Жыл басынан бері 3726 адам жолдама алған. Жалпы, биыл 5280 зейнеткерді шипажайларда оңалту шараларымен қамту жоспарланып отыр. Қарттардың игілігі үшін қала аумағында қосымша «Ізетті зейнеткер» атауымен шипажай ашылатын болады.
Басқарма басшысының орынбасары атап өткеніндей, алдағы уақытта зейнеткерлердің шипажайларда емделуге кезекке тұруы автоматтандырылатын болады. Аталмыш мемлекеттік қызмет түрін geo-shym.kz/ порталына тіркеп, жыл соңына дейін пилоттық жоба негізінде іске қосу көзделуде. Сондай-ақ зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қала бойынша үш «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары қызмет көрсетуде. Күнделікті 700-ге жуық қария мұнда екі ауысым бойынша қызмет алады.
Жалпы, Шымкент қаласында 88 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 3 ҰОС ардагері мен 2 мыңнан астам тыл еңбеккерлері бар. 80-жастан асқан жалғыз ілікті қарттар саны 122.