Аталған байқауда 800-ден астам оқушы бақ сынасты.
Шымкент қаласында өткен «Ана тілі және отбасы – 2023» байқауы қорытындыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қаладағы он білім ұясынан 800-ден астам оқушы бақ сынаған байқауда бас жүлдені З.Хусанов атындағы №110 жалпы орта білім беретін мектебі жеңіп алды.
Аталған байқаудың мақсаты – қазақстандық патриотизм ұғымын терең түсіне отырып, мемлекетіміздің келешегі, еліміздің ертеңі ретінде жұмылдыру, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жас ұрпаққа үйретіп, ана тілінде сөйлеуді ұлттық мақтанышқа айналдыру.
Байқауды қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы мен қалалық білім басқармасының әдістемелік орталығы тіл саясатын іске асырудың 2023 жылға арналған жұмыс жоспары аясында ұйымдастырды. Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында байқаудың қорытынды концерті өтіп, жеңімпаздар марапатталды.
– Оқушылардың өнерін бағалау кезінде ата-аналардың белсенділігі мен өзге этнос балаларының қатысуы айрықша ескерілді. Сайысқа бірі ата-әжесімен, енді бірі әкесімен қатысты. Тағы бірі анасымен немесе аға-әпкесімен сынға түсті. Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар 5 кезең бойынша сайысты. Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы жанынан құрылған әдістемелік кеңестің, «Қазақстанның педагогикалық академиясы» қорының вице-президенті Тамара Махалқызы бастаған қазылар алқасының құрамы қатысушылардың біліміне, тапқырлығына, белсенділігіне, шығарманың көркемділігіне баса назар аударды, - дейді Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова.