​ШЫМКЕНТ: биыл «Қаратөбе» мәдениет үйі жаңадан салынады

0
396

«Қаратөбе» клубының іргетасы 1957 жылы қаланған.


​ШЫМКЕНТ: биыл «Қаратөбе» мәдениет үйі жаңадан салынады

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Базарқақпа елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, «Қаратөбе» мәдениет үйін салу мәселесімен танысты.


«Қаратөбе» клубының іргетасы 1957 жылы қаланған. Жалпы алаңы – 490,5 шаршы метр. 2016 жылы техникалық сараптама қорытындысы бойынша жарамсыз деп танылып, бұзып қайта салуға шешім қабылданған. Мәдениет ошағы жарамсыз деп танылғанына байланысты қызметкерлер өз жұмысын «Сайрам» мәдениет үйімен бірлесіп атқарып келеді.

Биыл аталған аумақта жаңа мәдениет үйін салу жоспарланған. Құрылыс ауданы – 3192,0 шаршы метр. Екі этажды нысанның бірінші қабатында сахна, акт зал, киім ауыстыру бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жолақ қамтылады. Екінші қабатта кітапхана, оқу және жаттығу залы орналасады.

Қала әкімі тиісті басшыларға жаңа мәдениет үйінің құрылысын жылдам жүргізіп, сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ тозығы жеткен ескі ғимараттың орнына гүлзар салу қажеттігін жеткізді.

Аралау барысында мегаполис басшысы абаттандыру жұмыстары жүргізілген Қошқар-ата өзенінің жағалауын бақылады.

Мұнда Ордабасы алаңынан Жангелдин көшесіне дейінгі аралық (1800 метр) абаттандырылды. Яғни, өзен жағалауындағы қоршаулар мен аяқжолдар жаңартылды. Сонымен қатар, воркаут алаңдары мен жарықшамдар орнатылып, балалар ойын алаңшалары салынды.

Қала әкімі отандық элементтер көп қамтылған абаттандыру жұмыстарына оң бағасын берді. Осы орайда жауаптыларға бейнекамера орнатуды міндеттеді.