ШЫМКЕНТ: Биыл Тассай шағынауданы табиғи газбен қамтылады

0
1 294

Жоспарға сай газдандыру, кәріз жүйелерінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.


ШЫМКЕНТ: Биыл Тассай шағынауданы табиғи газбен қамтылады

Бүгін Шымкент қаласынң әкімі Мұрат Әйтенов Тассай шағын ауданын инженерлік инфрақұрылым жүйелермен қамтамасыз ету жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазір аталған елдімекенде табиғи газ, кәріз жүйелері жүргізілуде. Бүгінге дейін газдандыру құрылысы 70 пайызға, кәріз жүйелерін жүргізу 87 пайызға аяқталған.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға инфрақұрылымды тиісті талаптарға сай жүргізіп, сапасыздыққа жол бермеуді ескертті.
Инфрақұрылым жұмыстарына 60 адам, 12 техника жұмылдырылып отыр. 68,8 шақырымды құрайтын газ жүйелерінің құрылысы толық аяқталғанда 3 мыңнан астам отбасы табиғи газ көзіне қосылады. Жоспарға сай газдандыру, кәріз жүйелерінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Ал, Солтүстік саяжай шағын ауданында қазір сығымдау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс толық аяқталғанда 6 мыңға жуық абонент көгілдір отынмен қамтылады.
Сонымен қоса, 2023 жылы Шымкент қаласындағы Арғымақ және Ақтас елді мекендері де табиғи газбен қамтылатын болады. Бүгінде Тұран ауданы аумағындағы елді мекендердің 95,5 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. 2022 жылдың соңында Арғымақ және Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамту құрылысы толық аяқталды. «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан сынама жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023 жылы Арғымақ және Ақтас елді мекендері табиғи газбен қамтылатын болады. Жыл қорытындысымен, Тұран ауданын табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99 пайызға жеткізіледі.
Сонымен қатар, табиғи газбен жартылай қамтылған Құрсай және Жаңаталап елді мекендерін табиғи газбен қамту мақсатында жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары жүргізіледі. Ал, Айкөл елді мекенін табиғи газбен қамту мақсатында 2024 жылы жобалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.