ШЫМКЕНТ: Бозарық саяжайының көшелері 2025 жылға дейін толық асфальтталады

0
921

2024 жылы 14 көше, 2025 жылы 22 көше асфальтталады деп күтілуде.


ШЫМКЕНТ: Бозарық саяжайының көшелері 2025 жылға дейін толық асфальтталады

Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Бозарық саяжайында бүгінде 8000 мыңнан аса халық тұрады және осыған орай 2 120 жеке секторлы үй бар. Сондай-ақ, аталған мекенде 1 мектеп, 4 балабақша, 2 спорт алаңшасы орналасқан және жаңадан 1 спорт мектебінің құрылысы жүріп жатыр.

Саяжай аумағында 74 көше бар, оның 13-і асфальтталған, 56-сына шағал тас төселсе, 5-еуі тас жол. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде үкіметке тапсырма берген болатын. Сондықтан биыл Бозарық саяжайының 17 көшесіне асфальт төселуде. Атап айтқанда Егеменді Қазақстан,Наркескен,Саяжай, Алмасқылыш, Балқадиша, Айқаракөз, Өскен өңір, Ерлік тау, Сұлутау, Көрімдік, Арғанаты, Бұғынай, Бұрма, Шідерті көшелерінің асфальттау жұмысы аяқталып, қолданысқа берілді. Аз күнде Қалқаман-Мамыр, Құдырет көшелері бітуге таяу.
Мұнан басқа Бозарық саяжайында 2024 жылы 14 көше, 2025 жылы 22 көше асфальтталады деп күтілуде.
Мұнан бөлек Бозарық саяжайында ауызсу, газ құбырын тарту, электр жүйесіне қосылу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, 2023-2024 жылдар аралығында 3 кезең бойынша құны 4,5 млрд теңге болатын жоба арқылы Бозарық саяжайы тұрғындары толықтай ауызсу, газ және электрмен қамтылады.
Яғни 1-кезектегі жоба құны: 1,7 млрд.тг. Жоспарға сәйкес 305 абонент ауызсумен, 305 абонент электрмен, 1091 абонент газбен қамтамасыз етілмек. 2-кезектегі жоба құны 0,8 млрд.тг, мұнда 445 абонент ауызсумен, 401 абонент газға қол жеткізеді. Ал 3-кезектегі жоба құны 1,9 млрд.тг, осыған орай 702 абонент ауызсу, 702 абонент электр, 700 абонент табиғи газ тұтынуға мүмкіндік алады.
Қазір құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында мердігер мекеме анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде.