Бұл жөнінде бүгін Еңбекші ауданының әкімі тікелей эфир кезінде айтты.
Биыл Шымкент қаласы Еңбекші ауданында 5 мыңға жуық абонент кәріз жүйесімен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еңбекші ауданындағы 35 елдімекеннің тұрғындар шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Бұл жөнінде бүгін Еңбекші ауданының әкімі тікелей эфир кезінде айтты. Аудан басшысы биылғы жылғы атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталып, тұрғындардан келіп түскен 40-тан аса сауалға жауап берді.
Биыл 6 тұрғын алаптың (Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Айнатас, Жыланбұзған) жаңақұрылыс аймағындағы 2 мыңнан аса абонентті ауыз сумен қамту мақсатында ЖСҚ әзірленді. Осы жылы құрылыс жұмыстары басталса, ауданның 2023 жылы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 %-ға жетеді.
2500 абонентті сапалы электр қуатымен қамту үшін жобалау-сметалық құжат әзірленді. Биыл құрылыс жұмыстарын бастау күтілуде.
13 тұрғын алаптың жаңақұрылыс аймағындағы табиғи газ жүйесімен қамтылмаған жалпы 6149 абонентке сәулет-жоспарлау тапсырмасы (АПЗ) әзірленуде. Ауданды толығымен 2025 жылы табиғи газбен қамту жоспарда бар.
Ұлағат, Мирас, Шапағат-2, Солтүстік-шығыс, Жұлдыз елдімекенінің 5 мыңға жуық абоненті кәріз жүйесімен қамтылады. Сонымен қоса, 34 көше жарықтандырылады.
69,9 шақырымды құрайтын 116 көше асфальтталады, оның ішінде басымдылық шалғай аумақтарға беріліп отыр.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында көпқабатты 51 үйдің ауласы абаттандырылып, Тұрдыабад, Қарабастау, Бадам-2 т/а, Оңтүстік, Цементшілер ш/а балалар ойын алаңшалары құрылады.