ШЫМКЕНТ: ​ҚАЛА ӘКІМІ АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

0
455

Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада шымкенттік спортшылар ел қоржынына екі қола жүлде салды.


ШЫМКЕНТ: ​ҚАЛА ӘКІМІ АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Бүгін Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Азия пара ойындарының жүлдегерлері мен жаттықтырушыларын арнайы Алғыс хатпен марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Салтанатты рәсімде қала басшысы құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Қытай елінде өткен ІV жазғы Азия пара ойындарында жеткен жетістіктеріңізбен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, істеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Осы сәтті пайдалана отырып, спортшыларды дайындауда аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларды арнайы құттықтағым келеді. Алайда мұнымен жігерімізге ерік беретін уақыт жоқ. Өйткені келесі жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін қарқынды жұмыстар күтіп тұр. Алдағы болатын үлкен додаларда тәуелсіз еліміздің намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінетіндеріңізге кәміл сенемін! – деді қала әкімі.
Еске салсақ, 22–28 қазан күндері аралығында Қытай Республикасының Ханчжоу қаласында ІV жазғы Азия пара ойындары өтті. Байрақты бәсекеде жалпы 22 спорт түрінен 43 мемлекеттің спортшылары бақ сынасты. Елімізден 14 спорт түрінен 131 спортшы қатысып, оның ішінде Шымкент қаласынан спорттың 3 түрінен 5 спортшы ел намысын қорғады. Жүзуден Мансурбек Ибрашев, Алина Дубинина, Айсұлтан Кулкаев, садақ атудан Жасұлан Кішен, ал байдарка және каноэда есуден Максим Богатыров сайысқа түсті.
Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада шымкенттік спортшылар ел қоржынына екі қола жүлде салды. Жүзуден 4х50 метр эстафеталық сайыста Айсұлтан Кулкаев, ал байдарка және каноэда есуден 500 метр қашықтықта Максим Богатыров жеңіс тұғырынан көрінді. Айсұлтан Кулкаевты Аязбек Бижігітов, ал Максим Богатыровты Константин Обласов жаттықтырады.
Айта кетейік, Пара Ойындарында Қазақстан құрамасы 8 алтын, 12 күміс, 21 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 11-орыннан көрінді.