Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы сайланды

0
2 675

Бахадыр Мәдәліұлы Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы болып сайланды.


Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы сайланды

Бүгін VII шақырылымдағы Шымкент қалалық мәслихатының бірінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сессияға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Онда жаңадан сайланған халық қалаулыларына салтанатты жағдайда депутаттық куәліктері тапсырылды.

Сессияның төрайымы болып депутат Дария Қожамжарова сайланды. Сессия төрайымы күн тәртібіндегі алғашқы мәселе — мәслихат хатшысын сайлау екенін хабарлады. Осы мәселе бойынша «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық мәслихатындағы фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов сөз алып, мәслихат хатшысы лауазымына депутат Бахадыр Нарымбетовтің кандидатурасын ұсынды. Депуттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, Бахадыр Мәдәліұлы Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы болып сайланды.

Мұнан кейін депутаттар Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларын құрып, оның сан құрамын бекітті және оның мүшелері мен төрағаларын сайлады.

Сессия соңында қала әкімі Мұрат Әйтенов сөз алды.

— Ел сеніміне ие болған азаматтарды депутаттық қызметке кірісуімен құттықтаймын. Бұл шақырылымда алғаш рет мәслихаттың құрамына үш партияның өкілдері енді. Депуттардың арасында 8 әйел мен 29 жасқа толмаған 4 жас азамат бар. Осылайша, депуттаттық корпустағы әйелдер мен жастардың үлесі 40 пайызға жетті. Депутаттардың орташа жасы 42 жасты құрап, сапалық құрамы да жақсарды. Депутаттардың арасында қаладағы ең ірі ЖОО-ның ректоры, білікті ұстаздар мен дәрігерлер, экономистер мен заңгерлер, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, белсенді жастар мен қоғамдық ойдың көшбасшылары бар, — деген Мұрат Дүйсенбекұлы жаңадан сайланған депутаттардың халық игілігі жолында атқаратын қызметіне сәттілік тіледі.