Шымкент қаласы мәслихатының депутаты көп балалы аналарды қабылдады

0
1 707

Шымкент қаласы мәслихаты депутатының қаблыдауында болған көп балалы аналар тұрғын үй, жұмыссыздық мәселесін көтерді.


Шымкент қаласы мәслихатының депутаты көп балалы аналарды қабылдады

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Ерболат Нұрмаханов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде көп балалы аналарды қабылдады – деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Халық қалаулысына мұң мұқтажын айтып келгендердің бірі Жаңыл Балтабайқызы. Жалғызбасты ана бүгінде 4 баласымен Абай ауданында біреудің кепе тамын паналап отыр екен. Тұрғын үй кезегіне 2017 жылы тұрған.

«Мен кезегімді күтіп жүргенде, кезегі тез жылжып жатқандарды көріп жүрмін. Үйге де қол жеткізіп жатқандарды естідік. Бір әйел 5 баласымен 1 жыл кезекте тұрып, үй алып кетті. Қандай жолмен алғанын білмеймін. Қазір мен біреудің жаман тамына қарап отырмын. Олда алдағы уақытта ол үйді бұзып, үлкен үй салатынын айтты»,- дейді Жаңыл Асқарбекова.

Жұмыссыз жүрген Жаңыл мемлекеттен балаларына алатын жәрдемақының шайлығына жетпейтінін айтады. Өзі бұрын мектепте 5 жыл мұғалім болған. Депутат Ерболат Нұрмаханов, көп балалы ананы жұмысқа орналастыруға қол ұшын беретінін жеткізді.

Ал, алты баланың анасы Шайзада Рахметова 2016 жылы үй кезегіне тұрған. Бүгінде қала шетіндегі туысының үйін паналап жүр екен. Мемлекет балаларына беретін жәрдемақыға да қол жеткізе алмай қалған. Өйткені, құрбысына банктен несие әперіп, ақырында қарызды төлеуге шамасы келмей есеп-шоты бұғатталыпты.

«Қыста киілген киімдерді тарататын дүкеннен балаларыма киім алып кигіздім. Кредиттің кесірінен жәрдемақыға да қол жеткізе алмай қалдым. Өзім Шымкент университетінде тарихшы мамандығын оқығанмын. Бірақ, күні бүгінге дейін мамандығыммен жұмыс істеген емеспін. Балабақша тәрбиешісі болса да, жұмыс болса»,-дейді күміс алқа иесі.

"Тұрғын үй мәселесі қай заманда болмасын өзекті болған. Соған қарамастан жауапты басқармаға сауалымды депутаттық хат арқылы жолдаймын. Көп балалы аналарды жұмыспен қамту мәселесіне келер болсақ, ел ішінде отырмыз ғой. Сондықтан, өзімнің әріптес достарым мен кәсіпкер жігіттер бұл проблеманы шешуде көмек қолын созып жатыр",- деді Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Ерболат Нұрмаханов.