Шымкент қаласы мәслихатының кезекті 6-шы сессиясы өтті

0
659

Сессияда Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді.


Шымкент қаласы мәслихатының кезекті 6-шы сессиясы өтті

Бүгін жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті алтыншы сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сессияның күн тәртібінде қаланың 2020 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және оңалту шаралары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, қала тұрғындарын баспанамен қамту шараларының есебі тыңдалды. Аталған мәселелердің бәрі де тұрақты комиссияларда егжей-тегжейлі қаралған.
Сессияда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті атқарушы органның жұмысына серпін беретін бірқатар шешімдер қабылданғанын, қаланың әрі қарай даму саясатын жүзеге асыруға ықпал ететін маңызды мәселелерді атады.
– Бюджетті нақтылау барысында қаржы негізінен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін, тұрғындарды толғандыратын мәселелерін шешуге бағытталды. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, қаланың инженерлік-инфрақұрылымдық жүйесін дамытуға басымдық берілуде. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үй, аулаларды абаттандыру, бұқаралық спортты дамыту мақсатында шағынаудандарда әмбебап спорт алаңдарын орнату жоспарланды. Айта кетсек, 101 спорт алаңшасы салынады. Бұл – үлкен жетістік. Бұл жұмыстар жекеменшік инвесторлар есебінен атқарылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде әрбір шағынауданда спорт алаңшалары болады. Биыл «Шымкент жастар» лигасын өткіздік. Бұл жобаға балалардың қызығушылығы артып отыр. 8 мыңдай бала осы жарысқа қатысты. Басты жетістік – балалардың қызығушылығын арттырдық, – деді қала әкімі.
Сонымен бірге, сессияда ҚР мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді.
Қала әкімі биыл жыл басынан бері қаланың негізгі көрсеткіштерінде оң өсім барын айтып, жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті.