Шымкент қаласы мәслихатының кезекті тоғызыншы сессиясы өтті

0
510

Күн тәртібінде жалпы 15 мәселе қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.


Шымкент қаласы мәслихатының кезекті тоғызыншы сессиясы өтті

Жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті тоғызыншы сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Күн тәртібінде жалпы 15 мәселе қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сессияны Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды.

Жиында алдымен «2021-2023 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыға түсті. Бұл жөнінде қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мүлкеманов баяндама жасады. Оның айтуынша, денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау, жол құрылысы, көп қабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, индустриалды аймақтарды дамыту, тағы басқа салаларға қосымша қаржы бағыттауға ұсыныс енгізілген. Нәтиижесінде қала бюджетінің көлемі 481 млрд 600 млн теңгеден, 490 млрд 600 млн теңгеге артатын болады. Қала бюджетін нақтылау мәселесі қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларында, қоғамдық кеңесте жан-жақты талқыланған.
Сессияда 2021-2022 жылғы жылу маусымына дайындық шаралары туралы Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының есебі тыңдалды. Басқарма басшысы Боранбай Булатбековтың мәлімдеуінше, бүгінде қала бойынша 1945 тұрғын үйдің 1847-і қысқы маусымға дайын. Бұл – 95 пайыз көрсеткіш. Атап айтқанда, Абай ауданында 394, Әл-Фараби ауданында 575, Еңбекші ауданында 500, Қаратау ауданы бойынша 378 үй дайын.
Одан бөлек, 482 бюджеттік нысанның 480-ы жылыту маусымына дайындалды. Бюджеттік мекемелерге 980 тонна сұйық отын, 4,7 мың тонна көмір қажет.
Сондай-ақ, сессия барысында төрт аудан әкімдері өңірлердің даму стратегиясы бойынша 2021 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстарды баяндады. Абай ауданының әкімі Б. Парманов, Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаев, Еңбекші ауданының әкімі Д. Есілбек және Қаратау ауданының әкімі А. Әліқұлов абаттандыру, инженерлік инфрақұрылым жүйелері, қысқы жылу маусымына дайындық барысы жөнінен хабардар етті.
Мәслихат депутаттары аталған шешімдерді бірауыздан қолдады.
Сонымен қатар, сессияда Шымкент қаласындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту, «Жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» мәслихат шешіміне толықтыру енгізу мәселелері қолдау тапты.