Шымкент қаласында «Береке басы – бірлік» форумы өтті

0
1 306

Ғарифолла Есім: «Қазақ тілінде 80 пайыз сөйлейтін қала еш жерде жоқ. Шымкенттіктер, мақтана беріңіздер!»


Шымкент қаласында «Береке басы – бірлік» форумы өтті

Үшінші мегаполистегі қоғамдық форумды жазушы, журналист Мархабат Байғұт жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған форумда Қазақстанның ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел, академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті профессоры Есен Омар секілді ел ағалары Шымкенттің қайырымды қала, мегаполис болуы жайлы тың ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың баяндамасын қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева оқып берді.

«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып атқарған істер ұшан-теңіз. Әлі де шешімін күтетін қиындықтар мен күрделі түйіндер аз емес. Баршаңызға белгілі, Шымкент шаһары ТМД елдерінің мәдени астанасы болып бекітілді. «Шырайлы Шымкент: Береке басы – бірлік» форумының мақсаты белгілі, міндеттері айқын. Форум тұрақты жұмыс істейді. Қажетіне қарай, ұсыныстарға қарай жылына 3-4 рет басқосу ұйымдастырылады», - деді Жанар Әлібекқызы.


Сонымен қатар, мегаполистің не екенін көптен зерттеп жүрген Мырзагелді Кемел: «Астана қаласының мәртебесі туралы», «Алматы қаласының мәртебесі» туралы деген екі заң бар. «Шымкент қаласының мәртебесі туралы» Заңды қосып Парламентке ұсыныс жасадық», - деді.

Ал, Ғарифолла Есім Шымшаһарға, оның жастарына ерекше екпін қоя, шымкенттіктердің мәртебесін асыра сөйледі.

«Шымкент – баяғыдан мегаполис. Мұнда тұрғаныңызға мақтанып, қуану керек. Шымкент – дәстүр. Қазақ тілінде 80 пайыз сөйлейтін қала еш жерде жоқ. Сондықтан, шымкенттіктер, мақтана беріңіздер!», - деді профессор.

Одан бөлек форум аясында қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды.