Шымкент қаласында этноауыл бой көтереді

0
2 938

Нысан 2020 жылы «Наурыз» алаңы маңында салынады.


Шымкент қаласында этноауыл бой көтереді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы дәрежесін 9 желтоқсанда Белоруссияның Брест қаласынан салтанатты түрде қабылдап алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Шарафиева баспасөз брифингінде мәлімдеді.

"Келер жылы мәдени астана атануымызбен қатар атаулы мерейтойларды атап өту іс-шаралар жоспары бекітілді. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығы, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы және жерлесіміз, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығын атап өтетін боламыз. Осы айда ЮНЕСКО елдерінің Париж қаласындағы басқосуында Шымкенттің 2200 жылдық тарихы туралы тарихи шешім қабылдануын күтіп отырмыз. Яғни, алдағы жылы Шымкенттің 2200 жылдығы да тойланады",- деді Ғ.Аликенқызы.

Ал мемлекеттердің гуманитарлық-ынтымақтастық жөніндегі халықаралық қор директорының орынбасары Эльвира Доля Бресттегі қорытынды концертте ТМД елдерінің барлығынан өнерпаздар өнер көрсететінін мәлім етті.

"Оның ішінде Шымкент қаласынан Айбек Қанатбек атты әнші симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Кеңес кезіндегі екі әнді орындайды. Жаңа жылдан кейін сіздерге келіп, ауқымды іс-шаралар легін бастаймыз", - дейді Эльвира Рафиковна.

Ол қандай іс-шаралар екеніне тоқтала кетсек, алғашқысы – «Ескі қалашықтағы» кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан құрылыс. Амфитеатр мен Визит-орталық келер жылдың наурыз айына дейін пайдалануға берілмек.

"Егер сала мамандары құрылысын аяқтап үлгермей жатса, онда келуші қонақтар құрылыстың барысын өз көздерімен көретін болады",- деді Ғ.Шарафиева.

Бұдан бөлек, «Наурыз» алаңы жақта этноауыл бой көтеретін болады. Оған қоса, брифинг барысында Ғалия Аликенқызы қазақ театрларында шығармашылық ізденістің аздығын да тілге тиек етті. Себебі, біздің қаламыздағы өнер ошақтарында кәсіби режиссерлер жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдағы уақытта жас драматургтердің арасында шығармашылық байқау жарияланбақ.