Ақпараттық жүйе бойынша 16 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды.
Шымкент қаласының цифрлық «Ашық картасы» әзірленіп, іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Картада қала бойынша жер сауда-саттығы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары, қаланың бас жоспары, егжей-тегжейлі жоспары, қызыл сызықтар, шекаралар, құқық бұзушылық картасы, бос жер учаскелері бойынша өзекті ақпараттар орналастырылған.
Еске сала кетсек, «Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында биыл жыл басында қалада геопортал жүйесі іске қосылатындығы хабарланған болатын. Ашықтықты қамтамасыз ететін бұл жүйе арқылы жер қатынастары, “Бір терезе” принципі арқылы жұмыс істейтін ақпараттық жүйе қағазбастылықты азайтып, сыбайлас жемқорлықты алдын алу үшін дайындалған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлерге жер учаскелерін жедел әрі ашық бөлудің тиімді тәсілдерін ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар да қала әкімінің тікелей назарында.