Шымкент: ХҚО-да дайын құжаттарды беру терезелері ғана жұмыс істейді

0
857

Қала тұрғындары қызметтерді тек электронды форматта алады.


Шымкент: ХҚО-да дайын құжаттарды беру терезелері ғана жұмыс істейді

30 наурыздан бастап әр қалада бір ғана ХҚО-да дайын құжаттарды беру үшін бірыңғай терезе ретінде жұмыс істейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Яғни, қазақстандықтар онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің дайын нәтижесін ала алады. eGov порталында қызмет нәтижесі қағаз түрінде берілетін 23 түрлі мемлекеттік қызмет бар.

«Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысының мәліметінше, мамандандырылған ХҚО-да дайын құжаттарды беру терезелері ғана жұмыс істейді. Онда автокөлігін қайта тіркеуге қойған немесе жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырғандар дайын құжаттары мен мемлекеттік тіркеу нөмірін ала алады.

«Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін. Сенбі – сағат 9.00-14.00 аралығы.Шымкент қаласы бойынша, Мәделі Қожа көшесі 1Г, мекенжайында орналасқан №1 ХҚО-нан дайын құжаттарды алуға болады. Ал, автокөлік иелері дайын құжат бойынша Достық м.а. орналасқан мамандандырылған ХҚО-на жүгіне алады", - деп түсіндірді Алтынай Татаева.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылғандығын естеріңізге сала кетейік. Азаматтардың қызметтерді тек электронды форматта алу мүмкіндігі бар.