19 наурызда қазіргі қоғамдық кеңестің өкілеттілігі аяқталады.
Шымкент қаласының Әл-Фараби атындағы орталық кітапханасында қоғамдық кеңесті жасақтайтын комиссия мүшелерінің құрамы сайланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ашық дауыспен И.Хашимжанов, Ә.Әлішев, Ж.Жазықбаева, Б.Жандосова, Р.Қонысбеков, У.Қыдыр комиссия мүшелігіне сайланды. Сонымен бірге әкімдіктен 3 адам комиссия құрамына енеді. Жұмысшы топтың басшысы болып Ә.Әлішев сайланды.
19 наурызда қазіргі қоғамдық кеңестің өкілеттілігі аяқталады. Осыған дейін комиссия ұйымдастыру жұмыстарын атқарып, қоғамдық кеңестің жаңа құрамын жасақтайтын болады. Үйлестіруші мамандардың сөзінше, ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарына хабарландыру беріледі. Сосын кеңес мүшелігіне үміткерлердің құжаттары жинақталады.
— Үшінші шақырылымдағы қоғамдық кеңес жаңа бағытта, ашық түрде жұмыс істейді деген үміттеміз. Оған танымал тұлғалар емес, қоғамда өзін белсенді қырынан көрсетіп жүрген азаматтар енсе деген ниеттеміз. Қоғамдық кеңеске тұрғындарды толғандырған түрлі мәселелерді шешу міндеті жүктеледі, - деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Айта кету керек, қоғамдық кеңес өкілеттілігі 3 жыл мерзімді құрайды. Кеңестің әр тоқсан сайын отырысы өтіп тұрады. Шұғыл жағдайда кезектен тыс жиын өткізуге құқы бар. Кеңеске жылына бір мәрте полиция, прокуратура органдарының басшылары есеп беріп отырады. Кеңес құрамына 29 адам мүше болады. Өз кезегінде қоғамдық кеңес те мәслихат секілді халық билігі санатына жатады. Тіпті жергілікті бюджет депутаттардан бұрын қоғамдық кеңестің талқысынан өтуі тиіс.