ШЫМКЕНТ: «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік іс-шарасы өтті

0
762

Іс шарада ұлттық оркестр, ұлттық ән мен биден шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, салт-дәстүр көріністері қойылды.


ШЫМКЕНТ: «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік іс-шарасы өтті

Шымкентте өтіп жатқан Әз Наурыз мейрамының Зияткерлік күні - жастарды білімге, салт – дәстүрді құрметтуге, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізді дәріптеуге бағытталған шаралармен ерекшеленіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Зияткерлік күнінде А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының алаңында өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік іс – шарасына қатысты.
Зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары мен қала тұрғындары өскелең ұрпақты даналық пен парасаттылыққа үгіттейтін жиында зияткерлік ойындары мен сан салалы бағытты қамтыған кітап көрмесін тамашалады.
Сондай-ақ, қолөнер жәрмеңкесі мен ашық аспан аясындағы сурет көрмесінде ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, салт-дәстүріміз дәріптелді.
Ұлыстың Ұлы күні қарсаңындағы іс шарада ұлттық оркестр, ұлттық ән мен биден шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, салт-дәстүр көріністері қойылды.
Наурыз мерекесіне арналған сайық-сайранда ауылдың алты ауызынан ән салған әжелер көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінде балалар мен студент жастардың, педагогтар мен ата-аналардың қатысуымен домбыра тарту челленджі ұйымдастырылды.
Шығармашылық топ Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін орындады. Ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткен күй челенджіне қаладағы 2 мыңнан аса білім мекемесінен 21 мыңнан аса оқушы, студент, ұстаздар қатысты.
Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында, бір уақытта күмбірлеген домбыра үні ұлтымызды ұлықтап, мерекелік ләззат сыйлады.
Сондай-ақ, «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Одан бөлек, «Наурыз Шымкенттен басталады» кешенді жоспары аясындағы іс-шаралар желісі Шежіре күнімен жалғасты.

Шымкенттіктер Ұлыстың Ұлы күні қарсаңындағы атаулы күнде ұлттық құндылықтарды ұлықтап, төл тарихты тірілткен мерекелік іс шараларды тамашалауда.