Аталған жобаның мақсаты - қыздардың өсіп дамуына қолайлы психологиялық және әлеуметтік жағдай жасау.
Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қыздар кеңесі» мектебі жобасы аясында «Әл-Фараби» академиялық мектебінің оқушылары арасында семинар-тренинг өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған жобаның мақсаты - қыздардың өсіп дамуына қолайлы психологиялық және әлеуметтік жағдай жасау. Келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу, өмірге құштарлығын арттыру. Қыз балалардың тәрбие үдерісінде психологиялық заңдылықтырды ескере отырып, жеке тұлғаны қалыптастыру, қыздардың шығармашылық және интеллектуалдық потенциалдарын дамыту.
«Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы. Осы қасиеттерді қыздардың бойына сіңіре отырып, психологиялық көмек көрсету мақсатында өткен кеңесте біршама тақырыптар төңірегінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында қатысушы қыздарға ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса, түрлі әдістемелік ойындар ойнатылды.
Кездесу барысында аутодеструктивті мінез-құлыққа бейім жастар мен жасөспірімдердің психологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған көрініс көрсетілді. Сонымен қатар, психологтар өмірлік қиын жағдайға түскен жастарды әлеуметтік қоғамға тарту мәселелері айтып, инабатты қыз, ұлағатты ұл тәрбиелеу – ата-ананың да, ұстаздар қауымының да міндеті екенін айта келе, бұл бағыттағы жұмыстар ұлттық дәстүрді негізге ала отырып жүйелі жалғасатындығын жеткізді.
Басқосуда ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында мұндай бағыттағы кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жастардың қатысуымен өткізілетін кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.