ШЫМКЕНТ: М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттерімен кездесу өткізілді

0
666

Жиынды М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма төрағасы-ректоры Д.Қожамжарова жүргізіп отырды.


ШЫМКЕНТ: М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттерімен кездесу өткізілді

«Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы Шымкентке келіп, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің оқытушы-профессорларымен және студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынды М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма төрағасы-ректоры Д.Қожамжарова жүргізіп отырды.

«Смартфонды ойлап тапқан өнертапқыштардың өзі технократтық ойлау құлдырауға әкеледі. Яғни, руханиятты дамыту керек дегенді алға тартып жүр. Себебі, келешек гуманитарлық, педагогикалық ғылымдардың дәуірі болмақ», - деді «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы.

Марқұм Рахманқұл Бердібаев ағамыз біз ғылым академиясында жүрген жас маман кезімізде «Елге барсаңдар, үш істі қатар алып жүріңдер. Әуелі, жергілікті газет, телевизияға барыңдар. Елдің жаңалығы сонда. Екінші, жергілікті кітапханаға соғыңдар. Ел ішінде сирек кітаптарды табуың мүмкін. Үшінші, сол өңірдің жергілікті зиялыларымен тілдесіп, пікір алмасып, рухани азық ал» деп айтып отыратын. Мен бүгінгі жас буынға да осы әңгімені айтқым келеді. Бір кездерде білімді сатып аламын деген буын шықты. Алайда, адам білімді өзі ізденіп, еңбектеніп жинауы керек. Еңбекпен келген білімнің берері мол, - деді Дихан Қамзабекұлы.

Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Д. Қамзабекұлы жастарға Алаш арыстары салған сара жолдың маңызын түсіндірді.

Алаш зиялылары 1924 жылғы съезде тіл жүйесі мен білім жүйесін қалыптастырудың негізгі қағидаларын ұсынды. Терминологияға қатысты басты 3 негізгі қадамның орындалуын қадағалады. Біріншісі, терминдерді тілге бейімдеп аудару. Мәселен, Қытайға іс-сапармен барғанда мені таныстырды. Ол кезде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет етіп жүрген жылдар болатын. Таныстырғанда есімімнен басқа бірде-бір сөзді ұқпадым. Сұрасам, қытай тілінде профессор, университет деген сөздердің бірі де жоқ екен. Міне, терминологияны өз тіліне аударып алған. Екіншісі, өзіңде ұғымы жоқ сөз болса, терминді туыс түркі тілінен ал. Ал, үшіншіден, мүлдем икемге келмеген терминді тілдік табиғатына бейімдеп алу керектігін насихаттаған, — деп Д. Қамзабекұлы жастарға Алаш зиялыларының тілге, терминдерге қатысты аманатын жеткізді.

Кездесу барысында Алаш тарихы, білім жүйесіндегі олқылықтар, қоғамдағы сауатты адамдардың азаюы сынды келелі мәселелер қозғалды. Университет студенттері «Егемен Қазақстан» газеті, тіл ғылымындағы проблемалар төңірегінде сауалдарын жолдап, пікір алмасты.