ШЫМКЕНТ: Мектепте хор айтпақшы болған балалар биіктен құлап ауруханаға түскен

0
1 915

2004 жылы туған екі оқушы "жабық ми жарақаты" диагнозымен ауруханаға түскен.


ШЫМКЕНТ: Мектепте хор айтпақшы болған балалар биіктен құлап ауруханаға түскен

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Шымкентте салтанатты іс шараға дайындық кезінде хор айтушы оқушылар биіктіктен құлап қалды. Оқиға 102-ші мектептің аумағында 21-ші қазан күні болған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Хорға 27-ші және 102-ші мектептердің 8-10 сынып оқушыларынан құралған 240 бала қатыспақ болған. Дайындық кезінде төртінші қатарда шамамен биіктігі 1 метрге жуық ағаш баспалдақта тұрған оқушылар құлаған. 102-ші мектептің директоры Дамира Кеңесбекқызының айтуынша ҚР Мемлекеттік рәміздерін ұлықтауға арналған мерекелік шара 30 қазанға жоспарланған көрінеді. Екі мектеп бірігіп дрон, камера жалдап бақытты балалар бейнеленген бейнеролик түсірмек болған.

"Мұндай боларын күтпеген ек. Үлкен шараға дайындық кезінде хордағы төртінші қатарда тұрған 15 шақты бала құлап кетті. Дереу мертіккен балаларды мұғалімдер кабинетіне ап келдік. Жедел жәрдем қызметіндегі дәрігерлер қарап шығып стационарлық ем қажет дегендерін ауруханаға ап кетті. Кешке дейін емдеу мекемесінде балалармен бірге болдық. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары сол күні кеп балалар құлаған ағаш баспалдақты қарап шықты,"- дейді 102-ші мектеп директоры.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі мертіккен 7 оқушыны Шымкенттегі Түркістан облыстық клиникалық балалар ауруханасына апарған. Бесеуіне дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, балалар үйлеріне қайтарылған. Жарақат алған алты бала 27-ші мектептің оқушылары. Мектеп директоры Бегман Танеев хорға дайындыққа 120 бала ертіп барғанын, оның алтауы биіктіктен құлап жарақат алғанын растап отыр.
27-ші мектептің екі оқушысы "жабық ми жарақаты" диагнозымен ауруханаға жатқызылған.

"2004 жылы туған екі оқушы "жабық ми жарақаты" диагнозымен ауруханаға түскен. Бес күн дәрігерлердің бақылауында боп қажетті ем-домын қабылдады. Жағдайлары жақсарған соң екеуі де үйлеріне шығарылды,"- деп мәлімдеді Түркістан облыстық клиникалық балалар ауруханасының басшылығы.