ШЫМКЕНТ: Мемлекеттік органдардың басшылары тұрғындармен кездесті

0
1 850

Қала басшылығы мен құрызлы мекеме басшылары «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіндегі тапсырмалардың Шымкент қаласында жүзеге асырылуы мен тұрғындардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қатысты пікірі мен ұсыныстары тыңдалып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің әдебі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


ШЫМКЕНТ: Мемлекеттік органдардың  басшылары тұрғындармен кездесті

2019 жылдың 6 наурыз күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен Әл-Фараби, Қаратау аудандарының тұрғындарымен кездесу өтті - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тұрғындармен кездесуге ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Қабылбеков, қала әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев және Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі М.Акишев, Қаратау ауданының әкімі И.Қантөреев, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов қатысты. Кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіндегі тапсырмалардың Шымкент қаласында жүзеге асырылуы мен тұрғындардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қатысты пікірі мен ұсыныстары тыңдалып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің әдебі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Диалог алаңында мемлекет пен қоғам өкілдері ашық сұқбат құрды. Басқосуда тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алу мүмкідігіне ие болды. Кездесуде сөз алған Департамент басшысы Ә.Көмекбаев мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің немесе мемлекеттік органдар тарапынан туындаған мәселелерді жасырмай айтуға, осында талқылап, шешімін бірлесе шығаруға шақырды.
«Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы кері байланысты орнату. Бүгінгі кездесуде анықталған кемшіліктер немесе ұсыныстар бойынша мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Қазіргі таңда, қандай мәселе болмасын шешу жолдарын қарастыратын, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс жасайды. Біздің есігіміз әрқашан ашық, сонымен қатар, осы тұрғыдағы кездесулерді ай сайын өткізуді жоспарлаудамыз», - деді Әли Амантайұлы.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова әлеуметтік саладағы өзгерістерге, соның ішінде Шымкент қаласы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты тапсырмалар берген болатын. Әсіресе, Елбасы көпбалалы отбасылардың және халықтың әлсіз топтарын қолдау, оларға баспана беру, бюджеттік салада табысы аз қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға көтеру, инженерлік инфрақұрылым мәселелерін шешуді тапсырды. Осы орайда, айтатынымыз көпбалалы отбасыларға және бала кезінен мүгедектігі бойынша алынатын жәрдемақылар, шәкіртақы отбасылық кіріске енгізілмейтін болды», - деді Г.Құрманбекова.
Оның айтуынша республика бойынша әлеуметтік көмек түрлерін цифрландыру мақсатында «Е-халық» базасы енгізіледі. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының отбасылық әлеуметтік картасын жасақтауға мүмкіндік береді.
«Мен – мемлекеттік қызметші емеспін» деп сөзін бастаған Е.Төлебаев «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Жиын соңында Департамент басшысы Ә.Көмекбаев әйелдер қауымын келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Айта кетейік, осы тұрғыдағы кездесулер ағымдағы жылдың 7 наурыз күні Абай, Еңбекші аудандарында өтетін болады.