ШЫМКЕНТ: Наурызды тойлауға 572 млн теңге емес, 213 млн теңге жұмсалды

0
2 383

Ұлыстың Ұлы күніне орай 157 мерекелік жиын өткізу жоспарлаған.


ШЫМКЕНТ: Наурызды тойлауға 572 млн теңге емес, 213 млн теңге жұмсалды

«Наурыз – Шымкенттен басталады» атты мегажобасы аясында 103 іс-шара өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде айтылды
Осы орайда Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан он күндік мереке барысына тоқталды.
Ұлыстың Ұлы күнінде Шымкент қаласына бүкіл халықты жинауға болатынына көзіміз жетті. Тарқатып айтсам, кешегі «Наурыз – Шымкенттен басталады» атты мегажобасы аясында үшінші мегаполиске келушілердің саны екі-үш есеге артқан. Яғни, біз бір мақсатты орындадық деген сөз. Бірақ мерекені жоспардағыдай өз деңгейінде өткіздік дей алмаймыз. Індетке байланысты жаппай мерекелік серуендеу болған жоқ. Оған қоса, ашық алаңдағы бағдарламалар ауа-райының қолайсыздығына байланысты концерттік залдарға ауыстырылып, келушілердің саны шектелумен ұйымдастырылды. Ал мереке қызған шақта 21, 22, 23 наурыз күндері іс-шараларды телевизиялық көрсетілімге көшіруге тура келді, – деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары.
Ханзада Есенованың айтуынша, Шымкентте наурыз айының 14-ші жұлдызынан бастап 10 күн ішінде 103 іс-шара өткізілген.
«Наурыз – Шымкенттен басталады» атты мегажобасы аясында 103 іс-шара өтті. Бұл мерекелік жиындарға 213 млн теңге жұмсалды. Ал қазнетте талқыға түскен 572 млн теңге Шымкент қаласы мәслихат депутаттарының қолдауымен жыл соңына дейін өткізілетін іс-шараларға бөлінген. Жалпы, Ұлыстың Ұлы күніне орай 157 мерекелік жиын өткізуді жоспарлағанбыз. Бірақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты олардың саны қысқарды, – деді Ханзада Әзімханқызы.
Брифинг барысында Шыңғыс Жұмабекұлы мәдениет саласы бойынша сөз қозғады. Оның айтуынша, өркениетті елдерде мәдениет саласына көп көңіл бөледі. Яғни, креативті қала даму негізіне айналады.
Бұл ретте «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директоры Сәкен Майғазиев айтыс төңірегінде көтерілген мәселеге тоқталып, мән-жайды түсіндірді.
Біз «QURAQ GROUP» деп аталатын компаниямен келісімшартқа отырғанбыз. Оның авторлық құқығы мен лицензиясы бар. Өкінішке қарай, қазнетте «тек жиһаз шығаратын компания ғана» деп айтқан. Шын мәнісінде олай емес. Біріншіден, ол компанияның қосымша қызмет көрсетуге құқығы бар. Екіншіден, олардың бізге ұсынған тұжырымдамасы талабымызға сай болып шықты, – деді Сәкен Қордабайұлы.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласының мәдениет саласына толық анализ жасалынып, даму жоспары нақты бекітілген. Оның ішінде кітапханаларды жаңғырту басты назарға алынған.