Шымкент өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша республикада көш бастады

0
1 936

Өнім көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға артқан.


Шымкент өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша республикада көш бастады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 406,9 млрд. теңгені құраған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Береке Дүйсебеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2019 жылғы Шымкент қаласындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 406,9 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға артқан және бұл көрсеткіш бойынша қала республикадағы өңірлер арасында көш бастап тұр.

«Өнеркәсіп саласында үлесі 85,8 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 349, 2 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өсім-15,3 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың 9 айында – 301,6 млрд. теңгені құраған болатын», - дейді Б.Дүйсебеков.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда, қаладағы инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру мақсатында жобалық кеңсе құрылып, нәтижесінде қалада 2019-2024 жылдары құны 1,9 трлн.теңгені құрайтын 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары мен 166 инвестициялық жоба анықталып отыр. Оның ішінде 21 жобаның 650 млрд. теңгесі шетел инвесторларының есебінен құйылады деп болжанған. Тиісінше, жобалық кеңсе шеңберінде аталған әрбір жобаға жол картасы әзірленіп жатыр екен.

«2019 жылдың соңына дейін 48,1 млрд.теңгені құрайтын жаңа 1 200 жұмыс орындарымен 18 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, құны 24,2 млрд.теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба шетел инвесторларының қатысуымен іске асырылуда», - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Айта кетейік, 2019 жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін құны 6,2 млрд.теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске қосылған. Ал, қалғаны жыл соңына дейін жүзеге асады деп жоспарланған.