ШЫМКЕНТ: «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 60-қа жуық жоба іске қосылады

0
412

Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.


ШЫМКЕНТ: «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 60-қа жуық жоба іске қосылады

Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130.4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Әзірге мұнда 31 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындарға 53.2 миллиард теңге инвестиция тартылған және онда 2 309 адам жұмыспен қамтылған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар өндіретін тауарлар АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды әлемнің 22 еліне экспортталады.

Жоспарға сәйкес, Шымкентте 2023-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын арттыруға және жаңа зауыт-фабрикалар ашуға бағытталған 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспары бар.
Негізінде Шымкент қаласының өндірістік қуаты негізінен 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Бұл аймақтарда жалпы 230-ға жуық инвестициялық жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 14 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылған.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілгені белгілі.
Осыған орай, бүгінде Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына инвестициялық жеңілдіктерді сараланған түрде беру мәселесін пысықтап жатыр.

Атап айтқанда, 2022 жылдың желтоқсан айында осы саладағы заңнамаға «бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар» деген ұғым енгізілді. Яғни, жаңа нормаға сәйкес мұндай тұлғаларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімі берілуі мүмкін, алайда, ондай кәсіпорындар салықтық және өзге де жеңілдіктерге ие бола алмайды.