ШЫМКЕНТ: Орталықтандырылған кітапхана қорында балалар әдебиеті 390 мыңнан асады

0
792

Кітапхана мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, 1-9 сынып оқушыларына, тәрбиешілер мен мұғалімдерге, жылына жалпы 392 мыңдан астам келушіге қызмет көрсетеді.


ШЫМКЕНТ: Орталықтандырылған кітапхана қорында балалар әдебиеті 390 мыңнан асады

Шымкент қаласындағы орталықтандырылған кітапхана қорында балалар әдебиеті 390 мыңнан асады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры – 418 046 дананы құраса, оның ішінде балалар әдебиеті – 390 492 дана.
Кітапхана мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, 1-9 сынып оқушыларына, тәрбиешілер мен мұғалімдерге, жылына жалпы 392 мыңдан астам келушіге қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ашылған «Ақерке» балалар залы да бүлдіршіндерді кітап оқуға ынталандыруда. Залда жылына оқырмандарға 765 мың данадан аса кітап берілуде. Оқу залына соңғы 3 жыл көлемінде 18 593 дана жаңа кітаптар қорға алынған.
Кітапханалардың кітап қорлары көркем шығармалармен, мектеп бағдарламасына қосымша балаларға арналған анықтамалық әдебиеттермен, танымдық, сала жанрлары бойынша балалар әдебиеттері мен қиял-ғажайып, шытырман оқиғалар, ертегілермен толықтырылған.
Балаларға қызмет көрсететін қалалық кітапханалардағы кітап қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша отандық, шетелдік ақын-жазушылардың әдебиеттерімен толықтырылады. Оның басым бөлігі көркем әдебиеттер болса, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға оқырман сұранысына орай танымдық кітаптар алынады.
Айта кетейік, биыл Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасына – 45 жыл толып отыр. Кітапхана 1978 жылдың тамыз айында облыстық Мәдениет басқармасы бұйрығының және Мәдениет Министрлігінің 23.12.1977 жылғы хатының негізінде ұйымдастырылған. Жасөспірімдер кітапханасы 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге, 17- 29 жас аралығындағы жастарға, олардың тәрбиесімен айналысатын ұстаздар мен тәрбиешілерге, басқа да оқырмандар категорияларына қызмет көрсететін ірі мәдени-ағарту, білім беру, ақпараттық орталығы болып саналады. Кітапханадағы кітап қоры 174 мың, жылына 24 мыңнан астам кітапсүйер оқырманға ұсынылады. Жасөспірімдер кітапханасы – бұл даналық қазынасы.
Кітапханада жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кітап оқу үрдісін жаңғырту мақсатында «Кел сырласайық, қыздар!», «Жақсы адаммен жарты сағат», «Айна» мүдделестер клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ, еліміздің ертеңі, өскелең ұрпағымыздың кітап оқуға құштарлығын оятып, рухани сусындап, әдеби-мәдени ой өрісін ертеден қалыптастыру мақсатында «Әжемнің ертегісі» жобасы бойынша іс-шаралар өтеді.