Кездесу нәтижесінде екі қала арасында бауырластық орнату туралы ұсыныс талқыланды.
Шымкент қаласының туристік тартымдылығы Грузия елінің астанасы Тбилиси мен Кутаиси қаласында таныстырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шарада Шымкенттің туристік әлеуеті жайлы аталған қалаларда презентация жасалып, пікір алысып, өзара тиімді байланысты нығайту туралы келіссөздер жүргізілді.
Сонымен қатар, Кутаиси қаласының мэрімен кездесу өткізіліп, шаһардың көрікті жерлеріне ақпараттық тур жүргізілді. Кездесу нәтижесінде екі қала арасында бауырластық орнату туралы ұсыныс талқыланды. Сондай-ақ, Грузия туроператорлар ассоцияциясымен өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалып, меморандум түзілді.
Жалпы грузиялық туризм саласының өкілдері Қазақстанға деген жоғары қызығушылық танытуда. Бұл ретте Кутаисиге қатынайтын тікелей әуе рейсінің маңызы жоғары.
Сонымен қоса, Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен Түркияда роуд-шоулар өтуде. Екіжақты кездесу аясында іскерлік және серіктестік қатынас орнату бойынша келіссөздер жүріп жатыр.
Шымкент географиялық аумағы жағынан қолайлы және инвестициялық жобалар жүргізуге ыңғайлы жағдай жасалған қала. Бұл ретте, қалаға жақын орналасқан тарихи туристік аймақтардың және жағымды ауа-райының да келуші туристер үшін маңызы жоғары.
Жалпы, аталған Шымкент қаласының таныстырылымы арқылы Түркиядан келуші туристер легін арттыру көзделген. Бұл ретте Шымкент пен Стамбұл, Анталия бағыттарында тікелей әуе рейстері тұрақты жүруде.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент 10 қаламен бауырласқатынас орнатса, жыл соңына дейін қосымша 7 қаламен ынтымақтастық құруды жоспарлауда. Оның ішінде: Қытайдың Далянь және Сиянь, Италияның Генуя қаласы, Әзірбайжанның Гянджа қаласы, Литваның Каунас қаласы, Болгарияның Пловдив қаласы, Татарстанның Қазан қалалары бар.