ШЫМКЕНТ: Сәуле шағынауданын электр қуатымен қамту құрылысы аяқталуға таяды

0
645

Бүгінде құрылыс жұмысының 87 пайызы аяқталды.


ШЫМКЕНТ: Сәуле шағынауданын электр қуатымен қамту құрылысы аяқталуға таяды

Шымкент қаласы Сәуле шағынауданын электр қуатымен қамту құрылысы аяқталуға таяды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сәуле шағын ауданы (276 орам) тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмысының 87 пайызы аяқталды.
Мердігер мекеме «Ақсемсер-стройсервис» тарапынан 918 электр бағанасы орнатылып, 72 шақырым электр желілері тартылды. Құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Бекітілген жоспар бойынша, құрылыс жұмысы аяғымдағы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туады.
Бүгінгі күнге дейін жекеменшік желіден электр қуатын тұтынып келген шағынаудан тұрғындарының мәселесі биыл шешімін табады.

Үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды.

«Биылғы жоспар бойынша «Ақжар»110КВ қосалқы іске қосылып, Достық-2, Батыс, Тұран, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас шағын ауданының тұрғындары мемлекеттік жүйедегі электр жарығына қол жеткізеді. Ал, 2023 жылы Қайнарбұлақ пен Солтүстік саяжай, Асар-2 (2-кезек) желі құрылысы аяқталып, пайдалануға берледі. Қала халқының өсіміне қарай сапалы электр қуатымен қамту үшін 2023-2025 жылдары 6 қосалқы станцияның құрылысы жоспарланып отыр», - деді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері.