ШЫМКЕНТ: Сенаторлар жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті

0
925

Іс-шарада БАҚ туралы заң жобасы, журналистердің мәртебесі, мерзімді басылымдарды субсидиялау, кадр тапшылығы мәселелері талқыға түсті.


ШЫМКЕНТ: Сенаторлар жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында қаладағы БАҚ өкілдерімен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іс-шарада БАҚ туралы заң жобасы, журналистердің мәртебесі, мерзімді басылымдарды субсидиялау, кадр тапшылығы мәселелері талқыға түсті.

Сенатор А.Қапбарова бүгінде БАҚ туралы заң жобасы талқыланып жатқанын, бұл орайда түрлі ұсыныстар бар екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында БАҚ туралы заңды қайта реформалап, оның рөлін күшейту керектігін айтқан болатын. Қазір Заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Отандық журналистиканың бәсекеге қабілеттілігі, одан әрі дамуы бойынша бірқатар кездесулер, жиындар өтуде. Ең көп талқыға түсіп жатқаны – журналистерге статус беру мәселесі. Одан бөлек, қазір ақпараттық қоғамда БАҚ коммуникациясы деген ұғым пайда болды. Енді кез келген ақпарат таратушы жеке тұлғаның жауапкершілігі заңмен бекітіледі. Сонымен қатар, мерзімді басылымдарға мемлекет тарапынан субсидия беру мәселесі қарастырылуда, – деді А.Қапбарова.
Жаңа Қазақстанды, әділетті қоғамды құруда БАҚ өкілдері белсенді жұмыс атқарып келеді. Сенат депутаты Н.Бекназаров қоғамның дамуында БАҚ-тың алар орны ерекше екенін, бұл ретте бірлесе жұмыс істеу қажеттігін мәлімдеді.

Айта кетейік, халық қалаулылары Б.Әлтаев бастаған Қоғамдық кеңес мүшелерімен өткен кездесуде өңірдегі өзекті мәселелер қаралды. Кездесу барысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру, субсидия жайы, жылдық бюджеттің жоспарға сай игерілуі, мемлекеттік қызметшілердің халыққа ашық болуы сынды бірқатар мәселелер талқыланды. Қоғамдық кеңес өкілдері өңірдегі жағдайды баяндап, алдағы атқарылатын жұмыс барысын атап өтті. Сонымен қатар, күні кеше құрылған Құрылтайдың жұмысы да назардан тыс қалмады. Жиын соңында сенаторлар өңірдің даму жоспарына қатысты негізгі мәселелерді назарда ұстайтынын айтып, Қоғамдық кеңес жұмысына сәттілік тіледі.