​ШЫМКЕНТ: су қоймаларындағы қорлар тасқын суларды қабылдау үшін жеткілікті

0
446

Су тасқыны жағдайы үнемі бақылауда.


​ШЫМКЕНТ: су қоймаларындағы қорлар тасқын суларды қабылдау үшін жеткілікті

Шымкентте қала аумағында су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды.


«Қазіргі уақытта қала аумағында су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Алайда, Қазгидрометтің хабарлауынша ағымдағы жылғы ақпан - наурыз айларында жауын-шашын нормадан көп жауады деген болжам бар. Сондықтан қала аумағындағы 10 гидротехникалық құрылысқа, 4 ірі өзенге және 30-дан астам каналға тұрақты бақылау жүргізілуде. Қала аумағындағы су айдындарының толымдылығы бүгінде 12%-дан 60%- ға дейін. Қазіргі уақытта су қоймаларындағы қорлар тасқын суларды қабылдау үшін жеткілікті. Өзендердегі су деңгейі төмен. Негізгі қауіп – Бадам өзені, оның ұзындығы қала аумағында 49 шақырымды құрайды», - деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Е.Отарғалымұлы.

Түркістан облысының таулы жерлерінде жауын-шашын мен қардың еруіне байланысты Бадам өзені арқылы судың көп мөлшері келіп, қаланың төрт ауданы арқылы өтетіні ескеріліп, су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы әзірленген.
Жол картасының шеңберінде Жыланбұзған, Маятас, Тоғыс, Қызылжар, Игілік және Тәуелсіздіктің 20 жылы елді мекендерінен өтетін Бадам өзенінің жағалауларын нығайту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Аталған жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2024 жылдың су тасқыны қауіпті кезеңіне дайындық мақсатында қала аумағындағы құзыретті қызметтер ұзындығы 223 шақырымды құрайтын 27 канал мен 2 өзенді және жалпы ұзындығы 702 шақырымды құрайтын 281 суару жүйесі қоқыс пен мұздан тазартты. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қаңтар және ақпан айларында 63 шақырым жол тазаланып, 134 400 текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыстар су басу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.
Су тасқыны кезеңіне қаланың азаматтық қорғау қызметтері 442 бірлік техника, жеке құрамның 2448 адамы, 3 бірлік жүзу құралдары және 64 бірлік мотопомпалар дайындады, сондай-ақ зардап шеккен халықты қабылдайтын 58 пункт бар.
ТЖД жалпы, су тасқыны жағдайы үнемі бақылауда, күштер мен құралдар су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларға ден қоюға дайын екендігін жеткізді.