Жеңімпаздар жастар ресурстық орталығының атынан арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Шымкент қаласында Республика күніне орай, ұйымдастырылған «Тарихи күндер тізбегімен» атты фестивальдің қорытынды кезеңі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған шараның мақсаты - Шымкент қаласындағы талантты, белсенді әрі дарынды жастардың елдің мәдени және қоғамдық өміріне белсене араласуы, жастар арасында салт-дәстүрлерді дәріптеу, ұлттық және патриоттық сананы қалыптастыру. Сонымен қоса, еліміздегі түрлі салалардың дамуына үлес қосып жүрген жастарды қанаттандыру және дарындылығымен көзге түскен жас буынды ынталандыру, ерен еңбегін бағалау.
Іс-шараның талаптары бойынша қатысушылар 14 пен 29 жасқа дейінгі ұлттық нақыштағы киім үлгісінде болуы міндеттелген. Ұйымдастырылу тәртібі бойынша бүгін алғашқы күн ер жігіттер арасында ұлттық ойыннан 8 жоғары оқу орны сынға түсті. Атап айтқанда қол күрес, асық ату, ләңгі тебуден Қазақстан халықтар достығы университеті, «Мирас» университетi, М.О. Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетi, "Шымкент" университеті, Ж. Ташенов атындағы университет, Орталық Азия Инновациялық университеті өзара тартысты сайыс өтті.
Салтанатты кеште Шымкент қаласының жоғары оқу орындарының жастары өз өнерін көрсетіп, дарындылығымен көзге түскен қатысушылар бас жүлдені иеленді.
- Жастар арасында «Тарихи күндер тізбегімен» атты фестивалі 3 күн бойы жалғасты. Алғашқы күні ер жігіттеріміз ұлттық ойындар бойынша сайысқа түскен болса, екінші күні ару қыздарымыз ұлттық тағамдарын әзірлеген болатын,- деді Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай. ⠀
Ал, фестивалдің әділ өтуін әнші, «Х фактор» өнер сайысының жеңімпазы Астана Қарғабай мен Жастар ресурстық орталығының басшы орынбасары Заманбек Орынбеков бақылады.
Фестивальдің қорытындысы бойынша жан-жақты белсенділік танытқан Орталық Азия Инновациялық университеті жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар жастар ресурстық орталығының атынан арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал, Ж.Ташенов атындағы университеттің студенттері жүлделі екінші орынға жайғасты. Сайыс қорытындысына сәйкес, үшінші орын Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетіне бұйырды.