ШЫМКЕНТ: «Тассай» индустриалды аймағында 150 жаңа жұмыс орны құрылады

0
898

5 инвестициялық жоба іске қосылады.


ШЫМКЕНТ: «Тассай» индустриалды аймағында 150 жаңа жұмыс орны құрылады

Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында биылғы жылы жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 150 жаңа жұмыс орнымен 5 инвестициялық жоба іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін құрылысы жүріп жатқан кәсіпорындарды қала әкімі Мұрат Әйтенов аралады.
Әуелі мұнаралы крандар мен лифт шығаратын «Кaspy service» компаниясына барды. Құрылысы 2021 жылы басталған зауыт келесі жылдың ортасына дейін аяқталып, іске қосылады. Бүгінде құрылыстың 30 пайызы атқарылған. Кәсіпорын жылына 10 бірлік өнім шығарады. Жалпы жоба құны 750 млн теңге. Пайдалануға берілсе, 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Одан кейін медициналық зертханаға қажетті вакуум түтіктерін өндіретін «Экофарм интернейшнл» ЖШС-ін аралады. Құрылысы 2019 жылы басталған жобаның І кезеңі аяқталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға көзделіп отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда, жылына 70 млн дана медицинаға қажетті құрал өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, 200 адам жұмыспен қамтылады.
Келесі нысан медициналық зертхана жабдығын өндіретін «Bio Etica» және «Про-Тек-МП» бірлескен ЖШС-і. Жылына 1 млн дана жабдық шығаратын зауыттың құрылысы 2020 жылы басталған. Бүгінде құрылыстың 90 пайызы орындалған кәсіпорын осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Аумағы 0,25 га жерге орналасқан жобаға 125 млн теңге қаржы тартылған.

Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Аlem luxury» ЖШС-нің құрылысы жуырда аяқталды. Жиһаз өндіруге бағытталған фабрика жылына 5 мың өнім өндіруге әлеуеті бар. Жобаны жүзеге асыруға 500 млн теңге тартылған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов индустиалды аймақты аралау барысында кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Келесі нысан – «DentaFill Kazakhstan» ЖШС. Дәрілік және гигиеналық заттарды өндіретін компания жылына 10 млн дана өнім шығаруға әлеуеті бар. Бүгінде нысанның құрылысы аяқталып, қажетті құралдармен жабдықталуда.
Одан кейін М.Әйтенов «Smart eng» жиһаз фабрикасында болды. Жылдық әлеуеті 120 мың жиһаз өндіретін кәсіпорын жақын арада ресми түрде өз жұмысын бастағалы тұр. Нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Аумағы 2 га жерге орналасқан фабриканың құрылысы 2021 жылы басталып, оған 750 млн. теңге инвестиция тартылған.
Қалада өндіріс орындарының көп болғаны өте маңызды. Кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған жобаларға әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз. Енді іске қосылғалы тұрған осы кәсіпорындарға 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Тассай» индустриалды аймақтан жер бөлінген болатын. Бұдан да өзге мәселелерді бірге шешуге дайынбыз, - деді қала әкімі.

Айта кетейік, «Тассай» индустриалды аймағы 89 гектар жерді алып жатыр. Мемлекет тарапынан бөлінген 1,06 миллиард теңгеге жеке ком­паниялар 45,5 миллиард теңге инвестиция алып келген.