ШЫМКЕНТ: Тұран шағынауданында 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды

0
664

Жоспар бойынша қалған 8 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.


ШЫМКЕНТ: Тұран шағынауданында 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласындағы Тұран шағын ауданында салынып жатқан көпқабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биыл мегаполисте мемлекеттік бюджет есебінен 4090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарлануда. Оның ішінде Тұран шағын ауданында ағымдағы жылы 1112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге аталған шағын аудандағы құрылыс барысын қадағалады.
Жыл басынан бері Тұрандағы 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы тапсырылды. Жоспар бойынша қалған 8 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар мұндағы 26, 25, 29, орамдардың және №3390 жер телімінің инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін бұл нысандар пайдалануға тапсырылатын болады.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға жұмыс қарқынын күшейтіп, сапаны бақылауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс мәдениетін сақтай отырып, тұрғындардың қолайлы жағдайын назарда ұстауды ескертті.

Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында 324 арендалық пәтер тұрғын үй кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, көпбалалы отбасыларға сонымен қатар жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге, ал 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға қолдынысқа беру көзделген.

Бұдан бөлек жыл соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі әр түрлі санаттар бойынша тағы 505 отбасыны қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл бойынша тиісті мекемеге ұсыныс беріліп, жұмыстар атқарылуда. Осылайша биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға табысталатын пәтер саны артпақ.

Сонымен қатар биыл Отбасы банк арқылы несиелік негізде 1732 отбасыны баспанамен қамту жоспарланып, қазір 973 азамат ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болды. Оның ішінде "5-20-25" бағдарламасы бойынша 609 пәтер, "2-10-20 Бақытты отбасы" бойынша -293 пәтер, «Шаңырақ» бағдарламасы - 71.